Елге оралған қандастардың жартысына жуығы Қытайдан келген
Кейінгі жылдары елге көшіп келген қандастар қатары өсіп келеді. «Бұл өсімге әрине мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары жақсы әсер етіп отыр», - дейді сарапшылар. Сонымен, қандастарға қандай қолдау шаралары көрсетіледі?
-Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Әрине, мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай көмек бар. Яғни, бес бағытта қолдау көрсетіледі.
Жыл басынан бері 14 391 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, олардың көпшілігі Қытайдан келген. Яғни, қазақ жеріне қазығын қаққандардың жартысына жуығы шығыстағы көрші елден қоныс аударды. Ал Өзбекстаннан көшіп келгендер 39%-ті еңсеріп отыр. Сонымен қатар бұл тізімде Моңғолия, Түрікменстан мен Ресейден оралғандар үлесі айтарлықтай екенін атап өтуге болады.
Қазақстанға оралған қандастар
Барлығы – 14 391
Қытай – 45,8%
Өзбекстан – 39%
Моңғолия – 5,9%
Түрікменстан – 5,2%
Ресей – 2,9%
Басқа елдер – 1,2%
Қандастардың басым бөлігі – жастар
Қоныс аударушылардың басым бөлігі – жастар. Яғни еңбекке қабілеттілер саны 57%-тен асады. Ал 33%-і еңбек жасына жетпесе, 9%-тен астамы – зейнет жасындағы жандар. Білімі мен білігіне назар аударсақ, еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 17,9%-і жоғары білімді, 24,4%-і орта кәсіби білім иесі. Сондай-ақ 54,4%-і жалпы орта білімді болса, кейбірінің білімі жоқ. Бұл азаматтардың ортаға сіңіп кетуіне «Отандастар қоры» да жәрдемдесіп келеді.
(( ПОЛНОЭКРАНКА
Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар қоры» КЕАҚ Шетелдегі қандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры:
- Шетелдегі этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы да басты назарда. Мысалы, шетелден, өзіңіз де білесіз, бір мемлекеттен бір мемлекетке қоныс аудармақ түгілі бір облыстан бір облысқа көшіп келудің өзі қаншама қиындық. Шетелдегі қандастарымыз мысалы Қазақстандағы қолданыстағы заңдарды, мемлекеттік бағдарламаларды, жаңа өзіңіз айтып жатқан қандастарға мемлекет тарапынан қолданатын қолдау шараларын біле бермейді.
Қандастарға мемлекет бес бағытта көмек көрсетеді
Қоныс аударушылардың көбеюіне мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Үкімет қандастарға 5 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа тұрғызу, кәсіп ашуға көмектесу сынды шаралар қарастырылған. Бұл көмектерге ие болу үшін Үкімет бекіткен облыстарға көшіп баруға тиіс. Осы арада еңбек күші тапшы аймақтарға көңіл бөлініп отыр. Яғни Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына квота бөлінді.
Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар қоры» КЕАҚ Шетелдегі қандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры:
- Солтүстік өңірлерде мысалы барлық бейімдеу шаралары қарастырылған. Қоныс аударған қандастарымызды күтіп алудан бастап, мысалы қандас мәртебесін алу, әрі қарай жұмысқа тұрғызу, балаларын балабақшаға орналастыру, мектепке орналастыру, үй-жаймен қамтамасыз ету, тіпті өз кәсібіне ашу, мал өсіру деген сияқты, соның барлығына қол жеткізу үшін тек қана осы Үкімет тарапынан айқындалған өңірлерге қоныстанған жөн екенін түсіндіреміз.
Баспана құнының жартысын мемлекет өтейді
Кез келген жерде басты мәселе баспана екені белгілі. Осы орайда қоныс аударушылардың үй салуға немесе сатып алуға алған ипотекалық несиесінің жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Яғни, әр отбасыға 4 млн 280 мың теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау шаралары субсидия түрінде ұсынылады. Отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, теңгеге шақсақ, 258 мың теңге мөлшерінде көмек беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге бір жыл бойы 30 айлық есептік көрсеткішке дейін төлем жасалады. Яғни, бұл мақсатта ай сайын 55 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін төленеді.
Биылға 3033 квота бөлінді
Биылға 3033 адамды қабылдауға квота бөлінді. 1 қазандағы мәліметке сүйенсек, осы квота бойынша 2 400-ден астам қандас көшіп келді. Жыл басынан бері 2140 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 575 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл тұрғыда жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көмек жасалады. Былтыр пилоттық режимде Қазақстан елшіліктерінде «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске қосылды. Пилоттық жоба шеңберінде республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде шетелдегі қазақтардан 19 мыңнан аса өтініш қабылданды.