ҚР АШМ: Биылғы егін орағы ойдағыдай өтті

Егінге орақ түскен кезде жауын-шашын мол түсіп, жиын-терімге кедергі келтіргеніне қарамастан, биыл ол ойдағыдай өтті, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет отырысында күзгі науқанды қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрі осындай баға берді. Бітік шыққан егіннің сапасы да жаман емес. Мәселен, Ақмола облысында орылған астықтың 60%-і III санаттағы өнім болып шықты.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бүгінде дәнді дақыл мен бұршақты дақылдардың 99%-і орылды. Орташа өнімділік әр гектардан 16 центерді құрады. Былтырғымен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 10 центнерден сәл асқан болатын. Үкімет отырысында биыл Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай сияқты астықты өлкелерде егістіктің әр гектарынан 14-18 центнерден өнім алынғаны айтылды. Тіпті рекордтық өнім алған шағын шаруашылықтар бар. Ондағы өнімділік 42,5 центерге дейін жеткен. Бірақ агротехнологияны сақтамайтын, тек қолайлы ауа райына үміт артатындар да бар. Ондай шағын шаруашылықтар небәрі гектарынан 5 центнер өнім ала алды. Ауыл шаруашылығы министрі саладағы мәселелерге де тоқталды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығының министрі:

- Сонымен қатар әкімдіктер ұсынатын жедел деректер мен ресми статистика арасындағы сәйкессіздіктер бар. Жыл сайын егіс және егін жинау жұмыстарының қорытындылары бойынша берілетін жедел деректер 4-СХ және 29-СХ нысандары бойынша статистикалық есептермен сәйкес келмейді. Осыған байланысты облыстар әкімдіктеріне деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді тапсыруды сұраймын.

Жиылған өнімнің сапасына тоқталсақ, астықтың 57%-і III санатқа жатады. Былтырғы үлесі 35%-ті ғана құрап еді. Қазіргі міндет – осы астықты азық-түлік корпорациясына тездетіп тапсырып, экспортқа жөнелту. Қазіргідей қарбалас шақта элеваторлардың тәулік бойы жұмысын қамтамасыз ету қажет-ақ. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне элеваторлардың кідіріссіз жұмысын қамтуды жүктеді.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Келесі жылғы көктемгі егіс және егін жинау науқанын қаржыландыру үшін ертерек қимылдау қажет. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, тиісті шараларды пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар Өнеркәсіп министрлігі мен өңірлердің әкімдіктеріне диқандарға минералды тыңайтқыштарды жеткізу міндеті қойылды. Атап айтқанда, 2025 жылы тыңайтқыштың көлемін кем дегенде 1 млн 900 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. Ол үшін Премьер-министр әкімдіктерге тыңайтқыш жеткізу шарттарына уақытылы қол қойып, қоймаларда қажетті қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров