ҚХА мүшелері мемлекеттік наградамен марапатталды
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласында көп жыл еңбек еткен жандардың еңбегі еленді.
Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының 70-ке жуық мүшесі ерекше алғысқа бөленді. Мемлекет басшысының жарлығымен еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Республика күні – халықтың рухын көтеретін, бірлігіміз бен ынтымағымызды бекемдейтін мереке.Ұлттық мереке қарсаңында халқымыздың бірлігі мен татулығын одан әрі нығайтуға, еліміздің мемлекеттілігін бекемдеуге бағытталған ерекше іс-шаралар өтеді. Соның бірі міне бүгін Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр. Мұнда Халық бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін бірқатар азамат мемлекеттік сыйлықпен, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық наградаларымен марапатталды. Өңірлерде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласында көп жыл қызмет еткен жандардың еңбегі осылайша ерекше еленді.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
- Мемлекетіміздің дамуына, Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен бірлігін нығайтуға баға жетпес үлес қосқан жандарға ерекше алғыс айтамыз. Ассамблеяда қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтауға күн сайын баға жетпес үлес қосып жүрген жүздеген мың адам бар. Олар Отанына деген шынайы патриотизм мен сүйіспеншілікті көрсете білді.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық қайырымдылық акцияларының локомотивіне айналғандай. Биыл жыл басынан бері шамамен 1 миллиард 300 миллион теңге көмек көлемінде қайырымдылық жасалған. Көктемгі су тасқыны кезеңінде Ассамблея зардап шеккен өңірлерге 1700 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және қажетті тауарларды жіберді.
Дариға Смайылова, СҚО бойынша "Ассамблея жастары" РҚБ өңірлік өкілдігінің басшысы:
- Көктемгі су тасқыны кезінде осы ассамблея жастары облыс бойынша «Жүректен-жүрекке» акциясы аясында өздерін жақсы жақтан көрсетті. Күн-түн демей аянбай еңбек еттік. Тасқыннан зардап шеккен жандарға көмектестік. Өңірлерден келген гуманитарлық жүкті қабылдап, адамдарға тараттық. Су тасқынынан зардап шеккен адамдар әлі күнге бізге алғысын айтып келеді. Бұл біз үшін мәртебе.
Ольга Николашина, "Павлодар облысытық финно-угор этномәдени орталығы" ҚБ төрағасы:
- Биыл Павлодар облысының аналар кеңесі "Отбасы - тәрбиенің негізі"деп аталатын халықтық дәстүрлерді насихаттайтын бірегей жобаны іске қосты. Біз ондағы жұмысымызды қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттаудан бастадық. Отбасылық құндылықтар, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мәдени мұра жайлы түрлі іс-шаралар өткіздік. Осы жылы бұл жобаға өңір бойынша 40 оқу орны қатыспақ.
Айта кетейік Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Ассамблея жастары, Ғылыми-сарапшылық кеңес, Жомарт Жан орталықтары және Журналистер клубы сияқты құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер еліміздегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда өлшеусіз үлес қосып келеді.
Айнұр Қуатқызы, Ғалымжан Әбділахат