Тәуелсіздік жылдарында 10 млн сәби дүниеге келді

33 жылда 10 млн-нан астам сәби дүниеге келді, деп хабарлайды 24KZ. Елдегі туу көрсеткіші 1991 жылдан бері 10%-ке артқан.

Былтыр 388 мың сәби өмірге келді. Оның 51,6%-і – ұлдар, ал қыз балалардың үлесі – 48,4%. Тізгін тартарлар мен ине шаншарларды дүниеге әкелген алтын құрсақты аналардың дені Түркістанда тұрады. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында да етегінен ұл-қыздарды өрбіткен нәзік жандылар көп.

Ерлан Көпес, ҚР Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:

- 2023 жылды тәуелсіздік алған жылмен салыстыратын болсақ, туу саны 10%-ке өскен. 353 мыңнан 388 мыңға дейін. Оның ішінде айтар болсақ, ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы 446 мың бала туып, рекордтық көрсеткіш тіркеледі. Ал өлім көрсеткіші бойынша 2,7%-ке азайған. 134 мыңнан 130 мыңға дейін. Оның ең жоғары көрсеткіші сол 2021 жылы 182 мың адам болған.

Былтыр босанған бұрымдылардың басым көпшілігі – 25-29 жас аралығындағы әйелдер. 20-ға жетпеген жас аналар да бар. Олар былтыр 12,6 мың баланы дүниеге әкелді. Ал елдегі «Елубайлар» мен «Елубикелердің» саны – 96.

Мәселен, астаналық аналар жыл басынан бері 7 мың перзентті дүниеге әкелді. Бас-аяғы мұндағы ақ жаулықтылар шамамен бір жылда 8 мыңнан астам сәбиге өмір сыйлайды. 

Шұғылажан Есімбаева, Астана қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

- Әрқашан босанушы әйелдердің орташа жастары – 30-32 жас. Дегенмен де 20 жаста босанып жатқан әйелдер бар. 40 жаста босанып жатқан, 40-тан асып босанып жатқан әйелдер бар. Бірақ басым көпшілігі – 30-35 аралығы. Бала туу көрсеткіші жылдан-жылға өсіп жатыр. Бұл жақсы еліміз үшін.

Шаңырағының шаттығын еселеген егіздер де бар. Былтыр 4075 отбасыда егіздер өмірге келді. Ал үшемдердің саны – 48. Сондай-ақ, бір ана төртемді дүниеге әкелді.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.