Қостанай облысында қос балабақша ашылды

Республика күні қарсаңында Қостанай облысында екі балабақша ашылды. Бірі Мичурин, екіншісі Әулиекөл ауылында. Жаңадан салынған қос нысан заманауи үлгіде жабдықталған. Әсіресе Әуликөлдегі бөбекжай сәулетімен, жасау-жабдығымен ерекше көз тартады. Аумағы кең балабақша 280 балаға есептелген.

3 қабатты ғимараттың аумағы 4 мың шаршы метрден артық. Мұндай үлкен балабақша еліміздің ешбір ауылында жоқ. 1,5 жыл бұрын басталған құрылыс биыл аяқталып, әулиекөлдіктердің игіліне тапсырылып отыр. Осындай сән-салтанаты келіскен балалар үйінің ашылғанына жергілікті халық дән риза. 

Аруна Меңбекова, Әулиекөл ауылының тұрғыны:

- Менің екі балам осында келеді. Үлкені төрт жаста, кішісі екі жаста. Тәриешілері өте керемет. Мұнда балаларды дамытуға спортзалдары бар, музыка залы бар. Қазақ тілі кабинеті бар. Бүкіл кабинетті мен ата-ана ретінде кіріп қарап шықтым. Барлығы жақсы.

«Алтын бесік» деген атау берілген балабақшада 12 топ болады. Оның тоғызы қазақша, үшеуі орысша. Кішкентайлардың денсаулығын нығайтып, дұрыс тәлім-тәрбие беру үшін мұнда барлық жағдай жасалған.

Айсара Сыздықова, балабақша әдіскері:

- Бұрыңғы балабақшалармен салыстырғанда, әрине, көп ерекшеліктері бар. Бұнда бөлек спортзалы бар. Үш оқыту бөлмесі бар. Сыртқы алаңдарда бізде спорт алаңы бөлек, ойын алаңы бөлек.

Жаңа балабақшаның ашылуы аудандағы біршама әлеуметтік мәселенің шешілуіне оң септігін тигізді.

Досбол Құсайынов, Әулиекөл аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Негізінен бір жастағы, екі жастағы балаларды осы балабақшаға қабылдап, ата-аналары жұмысқа шыға алады. Онымен қосымша 79 жұмыс орны ашылып жатыр. Сонымен қатар біздің Әуликөл ауданы бойынша балалардың балабақшамен қамтылуы 100%-ке жетеді.

Балабақша «Халық» қайырымдылық қорының қаржылай қолдауымен салынды. Құрылысқа барлығы 1,3 миллиард тенге жұмсалды. Ал аумағын абаттандыруға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Бизнес пен атқарушы биліктің әлеуметтік әріптестігі алдағы уақытта да жалғаса бермек. 

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балаларды жан-жақты дамыту үшін бірнеше тапсырма беріп, мемлекеттік денгейде бағдарламалар бекітіліп, біраз қаражат құйылып жатыр. Нәтижесінде тек біздің облысымызда биыл 11 мектептің құрылысы және де 7 балабақшаның құрылысы, біразы осы жылдың аяғына дейін бітіп, ашылайын деп отыр. Осы үлкен жұмысқа мемлекеттің қаражаты ғана емес, біраз демеу көрсетіп, қол созып, бизнес өкілдері қатысып отыр.

Қазіргі кезде облыс бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен толық қамтылған. Енді Президенттің тапсырмасына сай 2 жастағы бүлдіршіндерді де мектепке дейінгі тәрбиемен қамту міндеті тұр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.