Қазақ жерінде еңбек еткендер Алманиядан сағыныш сәлемін жолдап жатыр
«Қазақстанның әр жетістігіне зор қуанышпен қараймын». Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары зұлмат саясат салдарынан Қазақстанға жер аударылған немістердің біразы тамырын жайып, елде қалса, енді бірі атамекені Алманияға қоныс аударған. Кәрі құрлыққа көшіп кетсе де, олардың елімізге деген ыстық ықыласы еш басылған емес.
Бұл – Владимир Видлер. Қазақстанға бір жасына жетер-жетпес шақта 1941 жылы туысқандарымен қоныс аударған. Қарағанды маңындағы Қарағаш ауылында алғаш дәнекерлеуші ретінде еңбек жолын бастап, ұзақ жылдар бойы комбайн мен жеңіл көліктің рөлінде болған. Сауатын қазақша ашып, қазақ тілінде білім алған ол көрші-қолаң, дос-жаранмен түгел қазақша сөйлескенін сағынышпен еске алды.
Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:
- «Қия бетті, жарып өтті, тракторшы қарындас», – деп сондай өлеңдер болған бұрында. Айтатынбыз. Тойға бірге барамыз. Ол уақытта әлгі шақыру деген жоқ қой. Мен «шопыр» болып жұмыс істеп жүргенде жігіттер келеді кешке жақын: «Володя, ана жақта той болып жатыр», – деп. Барамыз, тойлаймыз. Онда қандай қызықтар болды? Алтыбақан құрады далада, өлең, әңгіме айтады.
Талай жыл қазақ жерінде еңбек етіп, өсіп-өнген Володя ағайдың әпкелері қазаққа келін болып түскен екен. 2002 жылы ата қонысы Алманияға көшсе де, ара тұра туған жерге туысқандарына барып тұруды әдетке айналдырыпты. Тек 80-ге жақындаған шағында жұбайы дүние салып, денсаулығы сыр беріп, алыс сапарларға шыға алмай қалған. Содан бері сағынышы да үдей түскен.
Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:
- Әйелім барда Қазақстанға әрбір үш жыл барып жүрдік. Екі-үш айға. Туысқандар көп қой. Қаншама ана тәтелерімнің балалары бәрі Қазақстанда тұрады. Есімхан, Мұратқан, Естай, Рымкеш, бәрі. Әрбір үйге барамыз. Сонан кейін әйелім қайтыс болғаннан кейін 2018 жылы сол жалғыз барғаным. Содан кейін енді қазір барғым келеді, бірақ бара алмаймын. Сондықтан, шынын айту керек, қазір сағынамыз.
Үш қызын қияға қондырған Владимир аға Германияда тұрса да, Қазақстанның даму жолын жіті бақылап, әр жетістігіне қуанып отыратынын жасырмады. Республика күніне орай тілегін айтып, жылы лебізін білдірді.
Владимир Видлер, Ораниенбург тұрғыны:
- Қазақстан еліне көп рақмет! Қазақстан жасай берсін! Қазақстан елі аман болсын! Бәріне амандық тілейміз. Жақсылық тілейміз. Қазақстан осылай жақсарып келеді десе, біз қуанамыз. Өйткені біздің туыстардың бәрі сонда тұрады ғой. Соған қуанамыз. Жасай берсін, Қазақстан!
Германияда Владимир Видлер секілді қазақстандық немістер көп-ақ және олардың дені дәл осылай туған жеріне ыстық ықыласпен қарайтыны жүрекке жылу сыйлайды. Бұл азаматтар екі ел арасындағы бірегей байланысты иесі болып қала бермек.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.