Әлеуметтік желілер арқылы оқырманды көбейтіп жатырмыз — кітапханашы

Елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген маман иелеріне айрықша көңіл бөліне бастады. Себебі 2022 жылы ел үкіметінің қаулысымен 24 қазан Кітапханашылар күні болып бекітілді.

Зейінді оқырман – кітапханашының нағыз досы. Салаға 35 жыл адал еңбегін арнаған Гүлмира Әбілғазина мыңдаған дос тапты. Кітапқа деген қызығушылығы бала күннен басталып, бір күнге де сейілген емес. Тәлімді тәжірибесін қоластындағы талай жас маманға үйретіп келеді.

Гүлмира Әбілғазина, қала әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары:

- Кітапханаға келген барлық жастарды үйретуге тырыстық. Теорияны оқу – бір, тәжірибемен жұмыс істеу – ол екі. Әрқашан жастарға кітаппен қалай жұмыс істеу керек, оқырманды өзіңе қалай баурай білу керек, әсіресе кішкентай баладан бастаған дұрыс болады деп соларды үйреттік. Өйткені ең бірінші бала кезден кітапқа тартылады, әрі қарай кітапты сүйетін болады.

Жасыратыны жоқ, қазір жасөспірімдердің көбі гаджетке тәуелді. Осы заманда оларды кітапханаға қалай шақырамыз? Әрине, әлеуметтік желі арқылы. Бұл – кітапханашы Динара Байғожинаның тәсілі. Қызықты контент түсіріп, заманауи жолмен оқырмандарын молайтуды қолға алған.

Динара Байғожина, кітапханашы:

- Қазір гаджет кезінде балалардың көбі кітапханаға деген тартылысуы өте қиын. Екі қызым бар, солар арқылы оқырмандарды тарту мақсатында Instagram, TikTok арқылы оқырманды көбейтіп жатырмыз. Көркем әдебиетті, қазіргі балалар фантастиканы да қызық көреді. Біз енді болашақта TikTok, Instagram әлеуметтік желілері арқылы балаларды тартып, келешекте балалардың зейінін кітапқа деген ашу – біздің мақсатымыз.  

Жас маман Рабиға Сайлаубекова биылдан бастап кітапханашы қызметін атқарып жүр. Оқырман мен кітапты достастыруға үлес қосып отыр. «Кітапханашы жан-жақты болуы керек», – дейді. Баламен де, үлкенмен де тіл табысып, іздеген әдебиетін ұсынады. Қажетінше кеңес береді. Сол арқылы адамның рухани әлемін байытуға септеседі.

Рабиға Сайлаубекова, кітапханашы:

- Әрбір ата-ана, отбасы әуелі кітапты өзінен бастап оқу керек деп ойлаймын. Себебі біз баланың кітапқа махаббатын ашу үшін біз ата ретінде үйде болсын, қоғамда болсын, кітапты әуелгі орынға қойып, бірінші балаға үйретуіміз керек және мен кітапханаға ешкім келмейді дегенмен келіспеймін. Өйткені біздің кітапхана жаңа болса да, көптеген оқырманымыз келіп жатады.

Бүгінде ел бойынша 9,5 мыңнан астам кітапхана қызметкері бар. Үштен бірінің жасы 50-ден асқан. Ресми дерекке сай кітапханашылардың 37%-нің арнайы жоғары, 25%-тен астамының орта кәсіби білімі бар.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Алаштың аймаңдай дара тұлғасы Әбіш Кекілбаев осылай деген. Көрнекті педагог Василий Сухомлинский: «Білімнің қайнар бұлағы, сенің рухани қазынаңның қайнар бұлағы – кітап. Өз кітапханаңды құра біл. Кітапты бір оқып, қанағат тұтпа, қайтадан оқы», – деген. Кітапханашылар мерекесі мерейлі болсын.