Әлеуметтік сала: маңызды реформалар мен табысты жобалар
Тәуелсіздік жылдары халықты мемлекеттік қолдау жүйесі артып, еліміз нағыз әлеуметтік мемлекетке айналды. Ел бюджетінің басым бөлігі халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге, қоғамның әлжуаз топтарын қолдауға бағытталып келеді. Бұл әлеуметтің әлеуетін арттырып, отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан әлеуметтік мемлекеттің берік іргетасын қалады. Ел азаматтарының өмір сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру мемлекеттің басты стратегиялық міндеттерінің біріне айналды. Ал Ата Заң арқылы еліміз өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін бүкіл әлемге танытты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі тәуелсіздік жылдары 20 есеге артқан. Мәселен, 1993 жылы ол небәрі $696 құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 13,2 мың долларға жетті. Ал халықтың орташа жалақысы 400 мың теңгеден асты. «Бұл – ел экономикасының өскенін, сәйкесінше халықтың тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайының жақсарғанын айғақтайтын көрсеткіштер», – дейді дейді сарапшылар.
Арман Токтушаков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Республикалық бюджеттің 60%-і біздің елде әлеуметтік міндеттемелерге жұмсалады және мемлекет беріп отырған қолдау түрлері жыл сайын ұлғайып келеді. Сондай маңызды бастаманың бірі «Ұлттық қор – балаларға жобасы» дер едім. Елдің инвестициялық табысының бір бөлігі енді келешек ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ елімізде зиянды еңбек жағдайында еңбек ететін азаматтарға арнайы төлемдер беріле бастады. Бұл – мемлекеттік қолдаудың жан-жақтылығын көрсетеді.
Тәуелсіздік жылдары сала бір емес, бірнеше реформаны өткерді, өзгерді. Былтыр қабылданған Әлеуметтік кодекс саланы реттейтін барлық заңды біріктіріп, бір жүйеге келтірді. Осының арқасында мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатыны нақты бекітілді. Бұл – әлеуметтік саланы реформалаудағы маңызды жетістік.
Рамазан Саттарұлы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:
- Біз ертеңгі күннің негізін қалап жатырмыз, ертеңгі жарқын болашақтың. Елеулі бір өзгерістер ол былтырғы жылы қабылданған Әлеуметтік кодекске байланысты. Неге десеңіз, бір кодексте бірнеше әлеуметтік санатта қолдауды қажет ететін топтар біріктіріліп, олардың арасында нақты мемлекеттік көмекке мұқтаж адамдарды сұрыптауы дұрыс бағытқа қойылды.
Елімізде мемлекет бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінетінін айту лазым. Мәселен, елде 5 млн-нан аса жанұя болса, оның 3,5 миллионға жуығына мемлекеттік міндетті көмек беріледі. Биыл оларды қолдау мақсатында ел қазынасынан 1 тлрн 660 млдр теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 20%-ке көп. Сол сияқты көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамға берілетін жәрдемақы көлемі жылдан жылға ұлғаюда.
Арайлым Нұрдығалиева, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Егемендік алған жылдан бастап көп балалы отбасыларды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасып, дамып келе жатыр. Бес баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңге, 6 баласы бар 73 988, 7 және 8 баласы барлар әр бала үшін 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленіп отырады. Бұдан басқа көпбалалы аналардың беделін арттыру мақсатында өмір бойы төленетін мемлекеттік бюджеттен, яғни «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне ай сайын жәрдемақы төленеді.
Қазақстан әлеуметтік қызмет түрлерін цифрландырудағы көшбасшы елдердің бірі болуды көздейді. Бұл үшін елімізде Отбасының цифрлық картасы деп аталатын бірегей жоба құрылып, ұзын саны 87 мәлімет қорын біріктірді. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.
Рүстем Биғари, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры:
- Әрбір үйдегі бала саны, мүгедектігі бар отбасы мүшесінің бар-жоғы, табысының мөлшері, несиесі, төленбеген сомасы, жылжымайтын мүлік туралы ақпарат әртүрлі базаға енгізілген. Отбасының цифрлық картасы сол мәліметтер базасын біріктіру нәтижесінде жасалды. Осылайша, мүгедектігі бар азамат әлеуметтік жәрдемақы алу үшін мемлекеттік органнан анықтама алып, дәлелдемейді. Себебі мемлекет бұны онсыз да біліп отыр.
Қазақстан адам капиталының дамуын анықтайтын халықаралық рейтингтегі орнын жыл сайын жоғарылатып келеді. Халықты әлеуметтік қорғау мен адам әлеуетін дамыту мемлекет саясатының басым бағытының бірі болып қала бермек.
Авторлары: Қуандық Танабас, Марат Диқанбаев, Ержан Рахманбердиев.