Ақтөбеде сала үздіктеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды
Республика күні қарсаңында еселі еңбегімен көзге түскен ақтөбеліктер мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Ел Президенті қол қойған жарлыққа сай сала үздіктеріне арналған наградаларды облыс әкімі Асхат Шахаров табыстады.
Ұлттық мереке қарсаңында еңбегі еленіп, кеудесіне «Құрмет» ордені тағылғандардың бірі – Марат Ерсайынұлы. Саналы ғұмырының 25 жылын энергетика саласына арнаған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған ол осы уақыт аралығында қызметтің түрлі сатысынан өтті. Бүгінде Ақтөбе өңірін жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуге жауапты компанияның атқарушы директоры.
Марат Аманғалиев, «Энергосистема» ЖШС атқарушы директоры:
- Әрине, қуаныштымыз бүгінгі күнге. Бұл үлкен құрмет, күткен жоқпыз. Бұл біздің ұжымның жемісі. Халыққа істеп жатқан жұмысымыздың арқасы деп білеміз. Рахмет, барша қазақстандықтарды ұлы мерекемен құттықтаймын.
Мәртебе биігінен көрінгендердің қатарында дәрігер, ұстаз, ветеринар, механизатор, еңбек ардагерлері, шаруа қожалық басшылары мен мәдениет саласының қызметкерлері бар. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына әрқайсының қосқан үлесі ұшан теңіз. Отанға деген сүйспеншілігін сөзбен емес іспен дәлелдеп жүрген осындай азаматтарға облыс әкімі де ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетті.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі
- Еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар әрдайым құрметке ие. Осы ұлық мереке қарсаңында ерлігі мен еңбегін ел мойындаған өздеріңіздей азаматтарды Президентіміз мемлекеттік наградамен марапаттау туралды Жарлыққа қол қойды. Сіздерді осы марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Президент Жарлығы бойынша жалпы 46 ақтөбелікке мемлекеттік нагарада тапсырылды. Олардың ішінде «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» бар.
Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев