Атырауда Республика күні қарсаңында «Отбасы – бақыт мекені» шарасы өтті

Атырауда «Отбасы – бақыт мекені» атты үлгілі жанұяларды ұлықтауға арналған шара өтті, деп хабарлайды 24kz.

Оған «Гауһар той», «Алтын той» және «Күміс той» иелері мен бүгін некелері қиылған жас отбасылар шақырылды. Бәріне өңір басшысының алғыс хаты және бағалы сыйлықтар табысталды.

«Отбасы – бақыт мекені» атты салтанатты шеруді 75 жыл бір шаңырақ астында тұрып, үлгілі ұл-қыз тәрбиелеген, гауһар той иелері – Қалиевтар отбасы бастады. Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі Серік Шәпкенов отбасыдағы береке мен бірліктің қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Серік Шәпкенов, облыс әкімі:

- Әр отбасы тату болатын болса, әр отбасынан білімді, тәрбиелі саналы ұрпақ тәрбиеленсе, біздің қоғамымыздың, қазақ халқының өскені. Сондықтан да біз әрқашан да осы ортамызда отырған мерейлі, бақытты отбасыларын осы ортаға шақырып отырмыз. Бұл дегеніміз, бізге, жас ұрпаққа өнеге, үлгі болуы керек деп білемін.

Салтанатты шараға облыс аудандарынан іріктелген 20 отбасы қатысты. Солардың бірі – Жылыой ауданынан келген Арыстановтар әулеті. Гайдар мен Жаңылсын 10 перзент тәрбиелеп өсірген. Шаңырағына шаттық ұялаған алтын той иелері әннен шашу шашып, жарасымды жұптың үлгісін көрсетті.

Гайдар Арыстанов, алтын той иесі:

- Жұбайым Жаңылсын екеуміз бақытты жандардың біріміз деп есептейміз. 50 жыл бірге бақытты отбасын көрдік. Біздің девизіміз: әр кезде де адалдық. біреудің ала жібін аттамау, еңбек етсек өзіміз үшін, балаларымыз үшін деп тапқан нәпақамызды адалынан жеуге әуелден ниет қылдық. 

Ақ дастархан басына жиналған қариялар жастарға өз өмірлерінен сыр шертті. Ұрпақ тәрбиесі, адами сыйластық жөнінде өмірден түйгендерін ортаға салды. Жалпы шараның мақсаты да, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеу. Шара барысында мерейтой иелері облыс әкімінің алғыс хаты және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар осы күні шаңырақ көтерген бес жанұяға неке куәлігі табыс етілді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин