Жетісу облысындағы газдандыру көрсеткіші 50%-ке жетті

Республика күніне орай Жетісу облысындағы алты ауылға табиғи газ берілді, деп хабарлайды 24kz.

Ескелді, Қаратал аудандарына қарасты елді мекен халқы енді көлікпен көмір тасып, қысқа бұрынғыдай қамданып әуре болмайды. Өркениет игілігінің келуімен өңірдегі газдандыру көрсеткіші 50%-тік межеге жетті.

1500-ден аса адам тұратын Жетісу ауылында көптен күткен көгілдір отынның алауы жағылды. Табиғи газға ең бірінші болып 90 жастағы Гүлсара Шайықованың үйі қосылды. Шөпшек сүйіп отырған алтын алқа иегері: «От жағып, күл шығару машақатынан құтылдық», - деп қуанып отыр.

Гүлсара Шайықова, «Алтын алқа» иегері:

- Балама, келініме жеңіл болды. Марат отын түсірмейді. Газды жағады, жақсы болды ғой. Қуаныш. Келін жоқ болса, өзім де жағатын шығармын, үйреніп алсам.

2022 жылға дейін Жетісу облысы аумағындағы елді мекеннің бесеуі ғана табиғи газға қосылған еді. Кейінгі үш жылда құбыр тарту жұмыстары қарқын алып, 44 ауылға көгілдір отын жеткізілді.

Болат Ержанұлы, Төлеңгіт ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Қаламен теңеліп тұрамыз ғой. Мысалы қазір ауыз суымыз бар, үйге су кіріп тұр. Міне, газымыз келді. Асфальт төсеніш дейміз ғой, ол да рет-ретімен салынып жатыр.

Өңірдегі 75 ауылда газ құбыры тартылып жатыр. Жыл соңына дейін 19-ының құрылысы аяқталып, әкімшілік аумақтар өркениет игілігіне қосылады.

Айдос Бекетаев, облыстық ТКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- Осы Жетісу ауылын қосқанда 363 мың адам табиғи газға қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда 50%-ті құраса, жыл соңына дейін 57%-ке шығамыз. Келесі жылы 63 елді мекен болады. Сонымен 126 елді мекен 2025 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша бірінші кезеңде қосылатын болады.

Жобаның екінші кезеңі бойынша Талдықорғаннан Үшаралға қарай магистралді газ құбыры тартылып жатыр. 302 шақырымдық ауқымды жобаның құны – 136 млрд теңге. Тамыз айында іске кіріскен мердігер 50 километрге құбыр төсеп, Қызылағаш ауылына дейін жеткен.

Борис Цой, жоба жетекшісі:

- Бекітілген кестеден жеті көрсеткіш бойынша алдыда келеміз. Бізде қазір 300-ден аса адам тәулік бойы тоқтаусыз еңбек етіп жатыр. Алдағы уақытта жұмысшылардың санын арттырып, қосымша техника жұмылдырамыз. Сол арқылы биыл 150 шақырым, келесі жылы осынша километр құбыр тартып, 2025 жылдың соңына дейін жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Жоба жүзеге асқанда 120 мыңнан аса тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына көгілдір отын жеткізіледі. Алдағы бес жылда өңірдегі 358 ауылдың 192-сін табиғи газға қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов