Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі саланың үздік қызметкерлерін марапаттады

Ұлық мереке қарсаңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі саланың үздік қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды 24kz.

Барлығы 30 маман ел дамуына қосқан үлесі үшін орден және медаль тағынды. Бұл тізімде 40 жылдық еңбек өтілімен ерекшеленген Елік Ақанов та бар. Еңбек жолын студенттік құрылыс жасақтарынан бастаған ардагер мамандығын мақтан етеді. Себебі, құрылысшы мамандығы әрқашан жоғары сұранысқа ие. «Отандастарымның өмір сапасын көтеруге атсалысқаныма қуаныштымын», - деді «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Елік Ақанов, «Мемсараптама» РМК бас директорының кеңесшісі:

- Құрылыс саласында жүргеніме көп жыл болды. Еңбегімді осылай жоғары бағалап жатқаны үшін қуаныштымын. Әлі де жетер жетістігім алда, үйренерім көп деп білем. Себебі құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Үнемі жаңа технологиялар енгізіліп, инновациялық шешімдер қабылданып жатады. Цифрландыру деңгейі де күн санап артып жатыр.