БҚО-да биыл 24 медициналық нысан қолданысқа беріледі

Батыс Қазақстан облысында үш жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 нысан салынады, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр 12 амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілсе, биыл 24 медициналық нысан қолданысқа тапсырылады. Республика күні қарсаңында Қарағанды ауылында жаңа ФАП ашылды. Ғимараттағы гинекология және физиотерапия кабинеті, зарарсыздандыру және ем-шара бөлмесі заманауи құралдармен жабдықталған. «Бұрын тұрғындар анализ тапсырып, сырқат сырын анықтау үшін аудан орталығына сабылатын болса, енді қашықта отырып-ақ ем тағайындай аламыз», - дейді мамандар.

Екатерина Балицкая, Қарағанды ауылының тұрғыны:

- Біз бұл фельдшерлік пункттің ашылуын асыға күттік. Осы медициналық нысанның бой көтеруіне атсалысқан барша жанға алғыс айтамыз. Сонымен қатар ауылымызға жаңа санитарлық көлік берді. Оған да қуаныштымыз.

Алтынай Баймұратова, Бөрлі аудандық ауруханасының директоры:

- Ұлттық жоба бойынша 7 нысан көзделген. Бір нысан дәрігерлік амбулатория былтыр ашылған еді. Биыл 6 нысан салу керек. Ерекшеліктері бұрын ФАП-тарда болмаған КТГ аппарат дейміз, жүкті әйелдің ішіндегі баланың жүрек соғысын байқауға болатын аппарат. Бұл аппарат ерекшелігі интернет арқылы аппаратты сол орталықта отырып-ақ көре аламыз. Сонымен қатар электркардиография деген бар. Ол да телемедицинамен қосылған.