Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі 304 отбасы баспаналы болды

Ұлық мерекеге орай Шымкентте 300-ден астам отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.

Сондай-ақ екі жайлы мектептің құрылысы аяқталып, техникалық ашылуы өткізілді. Сала мамандарының айтуынша, келесі тоқсаннан бастап оқушылар жаңа білім ошағында оқу ізденісін дамытуға мүмкіндік алады.

Бозарық шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты 8 үй мереке қарсаңында қолданысқа берілді. Пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар жандар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды. Қоныстой иелерін құттықтаған қала әкімі жыл соңына дейін тағы 4 мың адам баспанамен қамтылатынын жеткізді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Президентіміздің тапсырмасымен көп үйлер салынып жатыр. Қаламыз әрі қарай дамып келе жатыр. Ашық жатқан жер, микроаудандарға үйлер салынып жатыр. Біз бұл процесті тоқтатпаймыз. Бәріңізге құтты болсын деймін.

Мереке қарсаңында үйі апатты деп танылған жандар да жаңа қонысқа жайғасты. Айгүл Құдиярова реновация бағдарламасы арқылы сәулетті әрі кең баспанаға ие болды.

Айгүл Құдиярова, қала тұрғыны:

- Апаттық деп танылған үй болатын. Енді сол реновация бағдарламасына ілігіп, осындай әдемі, зәулім үйден алып жатырмыз. Біздегі квадратура 45 еді. Қазір мына жақтан беріп жатқаны 78-88-дің арасы. Барлық көршілеріміз риза.

 

Екі «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталды

Қала әкімі сондай-ақ тұрғындармен бірге қалада алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысты. Олардың бірі 2000 оқушыға, екіншісі 1200 орынға лайықталған.

Нұргүл Шәмшиева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- 4 мемлекеттік мектептен, 1 жекеменшік мектептен 66 мұғалім ауысу тәртібімен келеді. Бұл жерге 973 бала ауысу тәртібімен келеді деп жоспарлап отырмыз. Қасындағы мектептерден. Екінші тоқсанда сабақ бастап кетеміз деген жоспарымыз бар.

Заманауи мектептерде оқушылардың білім алумен қатар жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де кедергісіз орта қарастырылды. Жалпы Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 білім ошағын ашу жоспарланған болса, биыл соның 11-і қолданысқа берілмек.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов