Қарағандыда ел дамуына үлес қосқан жандар марапатталды

Мереке қарсаныңда 44 қарағандылыққа мемлекеттік награда табысталды, деп хабарлайды 24kz.

Олар түрлі салада ел дамуына елеулі үлес қосқан жандар. Бұған қоса, өңірдегі қос танымал тұлғаға «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Диқанбай Биткөзов – күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 70-ші жылдары Жаңаарқа ауданының алақандай ауылында агроном бола жүріп, жаттығу залын ашқан. Сөйтіп, ауыл балаларын самбо және қазақ күресіне баулыды. 150 шәкірті спорт шебері атанды. Жарты ғасырдан астам ғұмырын спорт саласына арнаған ардагерге бүгін «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

Диқанбай Биткөзов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Жарты ғасырдан артық өмірімнің. Спортқа сіңірген еңбегімнің бір белесі. Осы Қарағанды облысында екі әлем чемпионы, 10 Азия чемпионын , екі әлем кубогының чемпионын тәрбиелеп, облыста екі Азия чемпионатын, бір әлем кубогын өткіздім.

Бұл күні түрлі салада ел дамуына үлес қосқан 44 адам мемлекеттік наградамен марапатталды. Ал мәдениет саласының майталмандарына «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Баршаңызды аса маңызды ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – тәуелсіз ел болуға батыл қадам жасалған тарихи күн. Оның маңызын Мемлекет басшысы: «Елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы», деп атап көрсетті. Бұл – егемен ел болғанымызға шүкір етіп, тәуелсіздігіміздің қадірін түйсінетін күн.

Бір мыңнан аса ірі өнеркәсіптік, энергетикалық және құрылыс кәсіпорны бар облыс экономикалық салада жоғары көрсеткіштерге жетті. Бүгінгі салтанатты марапат индустриалды өңірдің дамуына үлес қосып жүрген барлық сала өкілдеріне көрсетілген құрмет. Шара соңы театр әртістерінің, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концертке ұласты.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар