Семейде 12 мың адамға арналған жаңа стадион бой көтереді

Семейде 12 мың адамға арналған стадионның құрылысы басталады, деп хабарлайды 24kz.

Бірегей кешен «Пищевик» стадионының орнына салынады. Арена аты аңызға айналған «Елімай» футбол клубының құрметіне бой көтереді. Бұған қоса, өңірде жабық футбол манежі ашылады.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Жабық футбол манежі жастардың алаңсыз спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Нысан футболшыларға қысы-жазы қызмет көрсетеді. Футбол манежінің таныстырылымына Абай облсының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Елімай» ФК бас бапкері Андрей Карпович және танымал қазақстандық футбол аңыздары қатысты.

Вадим Сек, «Елімай» футбол клубының техникалық директоры:

- Бүгінде бұл жобамыз аяқталуға жақын. Нысанды 1-2 айда қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, жыл соңына дейін барлық жұмыс аяқталуы тиіс. Былтыр бізде 350 бала жаттығатын. Осы жылы олардың саны екі есе көбейді.

Нұрсұлтан Рауанұлы, Семей қаласының тұрғыны:

- Бұл өте жақсы жаңалық. Жасөспірімдер үшін біздің жас ойыншыларымыз үшін. Бұрын біз Семейде жазда ғана футбол ойнай алсақ, қазір қыста да футбол ойнай аламыз. Бұл балалардың дамуына зор үлес қосады.

12 мыңнан аса көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы басталады. Салтанатты түрде капсуласы салынды. Ауқымды жоба 2026 жылы аяқталады. Аренаның заманауи дизайны мен сыйымдылығы УЕФА талаптары мен стандарттарына сәйкес келеді. Жаңа стадион тек футбол матчтарын ғана емес, мәдени шараларды өткізетін өңірдегі басты аренаға айналады.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Абай елі Семей қаласы Қазақстан футболының Отаны. Сондықтан осында заманауи спорт нысанының болуы ол заңды құбылыс. Футболдың ертеңі осы жас «Елімайшылар» жиналып отыр. Салынатын стадион соларға арналған.

Республика күні қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жандар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың бірі – Үржар ауданынан келген Жанат Аңдасова. Мәдениет саласында 30 жыл қызмет еткен ол «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.

Жанат Аңдасова, мәдениет саласының қызметкері:

- Көпжылғы еңбегімді ескеріп, марапатқа ұсынып жатқан ауданымның халқына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Үржар ауданының мәдениет саласы әрқашанда шоқтығы биік болатын. Барша қазақ елін осы мерекемен құттықтаймын. Халқымыз қуатты, күніміз шуақты болсын.

Марапаттау кезінде түрлі салада қажырлы еңбек еткендер «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек адамы» ордендермен және «Шапағат» медаліне ие болды. Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов