Қонаев қаласында тәрбиелік мәні зор мұралдар пайда болды
Қонаев қаласындағы көпқабатты үйлердің қабырғасында жастар үшін тәрбиелік мәні зор жаңа мұралдар пайда болды, деп хабарлайды 24kz.
Ол полиция, дәрігер, қарапайым аула сыпырушы сияқты еңбек адамдарына арналды. Жаңа мұралдар алдағы аптада толық боялып бітеді. Шаһарда бұған дейін Дінмұхаммед Қонаев, Абай және Әбу Насыр Әл-Фараби секілді ірі тұлғалар мен құтқарушыларға, сонымен қатар халық бірлігіне арналған мұралдар салынды. Қалада көпқабатты 295 үй болса, 200-інің шатыры мен қасбеті жөндеуді қажет етеді.
Ақерке Жұмағазы, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бізде қазір Қонаев қаласында еңбек адамдарына арналып 3 мұрал салынуда. Жалпы қыркүйектің соңғы жексенбісінде өздеріңіз білетіндей, еңбек күні атап өтіледі. Біз еңбек адамдарын тек қана қыркүйекте ғана емес, барлық кезеңде, барлық жыл мезгілінде насихаттауымыз керек.