Түркістан облысында мерекеге орай бірнеше әлеуметтік нысан ашылды
Республика күні қарсаңында Түркістан облысында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Баянауыл елді мекенінде 600 орындық білім ұясы ашылса, Сауран ауданында 200 орындық оңалту орталығы ел игілігіне ұсынылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласында тұрғын кезегінде тұрған 260 отбасына пәтер кілтін табыс етті.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан, осы аумақтағы оқушылар басқа мектептерге қатынап оқыды. Мереке қарсаңында мәселе шешілді. Енді ауыл балаларының өз мектебі бар. Жаңа білім ұясы заманауи оқу құралдарымен толық қамтылған.
Анар Қоспанбетова, ауыл тұрғыны:
- Үлкен қызым осы мектеп болмағандықтан қатынап, әр жерде жатып оқыды. Мына мектептің ашылғанына қатты қуаныштымыз. Бұйырса, немерелеріміз оқиды деп отырмыз. Балаларымыз білімді, өнерлі бола берсін.
Бұдан бөлек, Сауран ауданы Оранғай ауылында да 200 орындық оңалту орталығы ашылды. Ауданы 12 мың шаршы метр болатын орталық жүру дағдысына арналған робот-ортопедиялық тренажер, көп функционалды үстел, қысқа толқынды терапия және буындарды үздіксіз дамытуға арналған аппаратпен қамтылған.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Орталықта өңірдегі 18 жастан асқан мүгедектігі бар жандарға 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін болады. Орталыққа 180-ге жуық штат бөлініп, іргелес жатқан 3 аудан, қала тұрғындары жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ мереке қарсаңында Түркістанда 260 отбасы баспаналы болды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды пәтер кілтін кезекте тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасыларға табыстады.
Динара Жиенбаева, баспана иесі:
- 2 бөлмелі үй алдым. Өте қуаныштымын. Бірінші қабат. Өте керемет екен. Кіріп көрдім. Басқаша, дизайны да, сырты да жақсы екен. Облыс әкіміне шексіз рахметімді айтамын.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл соңына дейін тағы да 1728 пәтерлі 20 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш