Оралда қажырлы қызметімен танылғандарға мемлекеттік наградалар табысталды
Республика күні Орал қаласында да түрлі мазмұнды шаралармен айшықталды, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерен еңбегі мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Президент Жарлығымен марапатталған бір топ азаматқа облыс әкімдігінің үлкен залында наградалар табысталды. «Атамекен» өнер ордасына жиналған өңір жұртшылығын облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, айтулы күннің тарихтағы орнына тоқталды.
Биылғы Республика күнін батысқазақстандықтар жарқын жетістіктермен қарсы алуда. Көктемгі су тасқынының зардабы толық жойылып, 3 мыңдай отбасы қоныс тойын тойлады. Ондаған мектеп-емхана бой көтеріп, жүздеген шақырым жолдар мен коммуналдық желілер жаңғыртылды. «Осының бәрі Жайық жұртшылығының еселі еңбегінің арқасы», - деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қажырлы қызметімен танылған 51 азаматты Мемлекет басшысы атынан құттықтап, наградаларды табыстады.
Гүлжиян Шынтемір, Қазақстанның халық әртісі:
- Әрине, қуанышты жағдай! Бұл жалғыз менің емес, Қадиша театрының абыройы деп ойлаймын. Болашақта да ел аман, жұртымыз тыныш болсын!
Бауыржан Халиолла, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:
- Мереке көп, алайда астын сызып атап өтетін ұлттық мейрамымыз – Республика күні. Неге? Өйткені егемендігін ала алмай, өз Отанынан пана таба алмай жүрген елдердің қасында біздің Қазақстан әлдеқайда бақытты. Көш басында келе жатқан қуатты ел, ауқымды мемлекет деп айтуға болады. Сондықтан мереке құтты болсын!
Республика күні бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді нығайтар күн. «Атамекен» өнер ордасында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы мейрамның мән-маңызына тоқталды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Бұл күні Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған, қазақ елінің тарихи шежіресінде орны бөлек –ұлы мереке. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті.
Республика күні аудан-ауылдарда да түрлі мерекелік шаралармен айшықталды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов