Жетісу өңірінің 43 азаматы мемлекеттік наградалармен марапатталды
Өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендерін салтанатты жағдайда табыстады, деп хабарлайды 24kz.
Сонымен қатар «Жетісу облысының құрметті азаматы» атағы, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» және «Ерлігі үшін» медальдары берілді.
1990 жылдың 25 қазанында «Егемендік туралы» декларация қабылданған. Тарихи шешім шығарылған күнмен көпшілікті құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев мерекенің маңыздылығын атап өтті.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Біз қай кезде де алға қойға мақсаттарымызға түсіністік пен адал еңбектің өзара жарасымының арқасында қол жеткізіп келеміз.
Мерекелік шарада мерейі үстем болғандардың бірі – Даниял Балаубеков. Теміржол саласының ардагері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Даниял Балаубеков, «Еңбек даңқы» орденінің иегері:
- Теміржол саласында 45 жыл жұмыс істегеннен кейін менің үш балам да теміржолда машинист болып жұмыс істейді.
Қарапайым еңбек адамдарымен қатар ұстаздар, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер сахна төрінен көрінді. Мәдениет саласы майталмандарының да еңбегі еленді.
Әлихан Ыдырышева, Қазақстанның халық әртісі
- Өнер саласында істегеніме 60 жылға жуықтапты. Кино саласында да театр саласында да еңбек етіп, қуантып жүргендіктен болуы керек. Халықтың ықыласына бөленіп, Қазақтың халық әртісі атанып отырмын.
Жиында Нұржұман Ықтымбаев, Күләш Айтжанова, Бауыржан Оспанов, Төлеубек Мұқашев, Герман Нам, Станислав Шербаков пен Өмірәлі Жалаири «Жетісу облысының құрметті азаматы» атанды.
Өмірәлі Жалаири, заң ғылымдарының докторы, профессор:
- Заңды тұрғыда айтқанда декларациямыз, еліміздің егемендігін алғанын ұлықтайтын үлкен республикалық мейрам. Сол мейраммен заңгер ретінде құттықтаймын.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне жалғасты. Отаншылдық рухтағы ән шырқалып, ел бірлігі ұлықталды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев