Ақмола облысында 54 отбасы баспаналы болды

Мереке қарсаңында ақмолалық 54 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа пәтерге ие болғандар қатарында көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұялар бар. Биыл өңірде кезекте тұрған екі мыңнан астам ақмолалық қоныс тойын тойлайды.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Он құрсақ көтерген батыр ана Назым Кенжеғалиева үшін бүгін айтулы күн. Зейнеткер 15 жылға жуық пәтер кезегінде тұрған. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әжейдің көп жылғы арманы мереке қарсаңынды орындалды.

Назым Кенжеғалиева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Үй оңды. Жақсы. Көңілімнен шықты. 15 жыл кезекте тұрдым. 50 жыл жұмыс істедім.

Бурабайлық тұрғындардың да көңілі көтеріңкі. Себебі мереке қарсаңында 20 пәтер көкшетаулық отбасыларға үлестірілсе, қалған 34 баспана дәл курорттық аймақтың халқына табысталды.

Бағила Қасенова, Бурабай кентінің тұрғыны:

- Пәтер өте жарық, бөлмелері кең. Көңілімнен шықты. Осы баспананы 9 жыл күттім. Міне, ұлттық мереке қарсаңында кілтін алып, қуаныштымыз қойнымызға сыймай тұр.

Жалпы биыл өңірде 2 мыңнан астам жанұяны баспанамен қамту көзделген. Оның 900-ы әлеуметтік осал топтағы отбасы. Өңір басшысы мұндай көрсеткішті тарихи оқиғаға балады.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Екі мыңнан астам Ақмола облысында осы топтарға пәтер беріп жатырмыз. Бұл дегеніміз, 5 жылдың көрсеткіші. Өйткені бұрын осындай 2 мың пәтерді 5-6 жылда беретін едік. Соның бәрін бір жылда бердік. Және мұның тағы бір ерекшелігі, бұл пәтерлер біраз уақыттан кейін бар құндылығымен приватизацияға жатады.

Ақмола облысында тек соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысына 22 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 600 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный