Қазақстанның Әскери теңіз Күштері жаңа катермен толықты
Елдің әскери теңіз күштері су жаңа жүрдек катермен толықты.
Жауынгерлік су көлігі десант және қару-жарақ тиеп, жағадан 300 миль қашықтыққа дейін жүзе алады. Айта кеткен жөн, әскери катер Ақтаудағы зауытта құрастырылды.
Теңізшілер дәстүріне сәйкес жаңа катердің бортына шампан бөтелкесі шағылады.
«Шапшаң» деп аталатын жүрдек катер енді әскери-теңіз күштері құрамында қызмет етеді. Алдағы күндері экипажы жасақталып, бортына атыс құралдары орнатылады. Бұдан әрі жағалау инфрақұрылымын күзететін кемелер тобына қосылады. Су сыйымдылығы 23 тоннаны құрайтын катер ашық теңізде қуаты 5 балдық күшті толқында еркін жүзе алады.
Серік Борамбаев, ҚР ҚК Әскери-Теңіз күштерінің бас қолбасшысы:
- Республика күнінің алдында осындай бір үлкен шара өткізіліп жатыр. Кім ойлапты, Маңғыстауда осындай кеме саламыз. Маңғыстауда өзіміздің тұрақты пирсіміз болады деп. Өзіміздің теңізшілеріміз бар. Мысалы алсақ, қазір біздегі барлық кемені санағанда осы Қазақстанда, өзіміздің мамандармен құрастырылған.
Дмитрий Донских, кеме құрастыру зауытының басшысы:
- Отандық үлгідегі әскери катер мемлекет шекарасын, ашық теңізде және жағалауда орналасқан стратегиялық нысандарды күзетуге қолданылады. Жауынгерлік су көлігін құрастыру былтыр тамыз айында басталып, жоспарлы мерзімде аяқталды. Қозғалтқыш бөлігі сынақтан өткізілген соң, қарулы күштер құрамына беріледі.
Әскери бөлімдер сап түзеген салтанатты шараға қорғаныс саласының ардагерлері, кеме құрастыру зауытының ұжымы мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Запастағы контр-адмирал Ратмир Комратов көпшілікті Республика күні мерекесімен құттықтап, жас сарбаздар мен матростарды Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға шақырды.
Ратмир Комратов, ҚР Қарулы Күштері саласының ардагері:
- Еліміздің әскери теңіз флотында қызметте жүрген 33 су көлігі Оралдағы зауытта құрастырылды. Енді жауынгерлік кемелер мен катерлерді Ақтауда құрастыруға мүмкіндік туды. Отандық үлгідегі флот еш ақаусыз жұмыс істеп келеді. Бұл, өз ісін жетік білетін мамандардың қажырлы еңбегі мен атқарылған жұмыстың сапасын көрсетеді.
Биыл еліміздің әскери теңіз күштерінің құрылғанына 31 жыл. Осы аралықта жауынгерлік флот зымыранды-артиллериялық, мина-тартқыш кемелер мен жүрдек катерлермен толықты. Ақтауда ел тарихында алғаш рет жауынгерлік мақсатта қолданылатын пирс салынды. Әскери су көліктері экипажын Түркия, АҚШ, Германия, Оңтүстік Кореяда білім алған офицерлер басқарады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев