Қазақстан әскері Орталық Азиядағы үздік армия атанды
Қазақ әскері Орталық Азияның үздігі.
Global Firepower жаһандық рейтинге еліміздің қарулы күштері 145 мемлекеттің ішінде 58-орынға жайғасқан. Бұл Тәуелсіз Қазақстан армиясының жетістігі. Қазір елдің қарулы күштерінде жаттығу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа техника алынып, саннан гөрі сапаға мән берілуде. Жауынгерлік даярлыққа да басымдық берілген.
Биыл ел әскерінің қауқарын арттыруға 7,5 млрд доллар бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Сонымен қатар қарулы күштерді дамытудың тұжырымдамасы да бекітілді. Бұл құжат әскерді жан-жақты дамытуды көздейді.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
- Мемлекеттің әлеуетті қатерлерін, мақсаттары мен міндеттерін нақтылай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясы өзектендірілді. Геосаяси жағдайдың өзгеруіне сәйкес ҚК дамыту басымдықтары нақтыланып, оның құрылысы мен дамыту тұжырымдамасын түзету жұмыстары жүргізілді.
Егеменді елдің қарулы күштері 1992 жылдың 7 мамырында құрылған болатын. Әскери құрылымның болуы мемлекеттің қорғаныс саласындағы тәуелсіздігін білдіреді. Ел қалқаны – айбынды армияның қауқары жыл өткен сайын артып келеді. Офицерлер мен сарбаздардың жауынгерлік даярлығын арттыру мен жаңа техникалар алуға басымдық берілген.
Ерлан Закиров, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық саясат департаменті басқармасының аға офицері:
- 2030 жылға дейін қойылған жоспар бар. Соған байланысты жыл сайын қажетті техникамен әскерлер қамтамасыз етілуде. Бір ай көлемінде испандық ауыр ұшақ алынуда. Жоспар бойынша осы айдың соңына дейін біздің әскерімізге келіп түсуі керек. А-400 Испанияның самолеті. Бұл ұшақ бізде әскери техникаларды және әскери қызметкерлерді уақытында тасымалдау және гуманитарный миссия дейді, соған техникаларды жеткізу, эвакуациялау соған байланысты алынып жатқан көлік.
Бұндай ауыр әскери-көлік ұшақтың екеуін алу жоспарланған. Алғашқысы биыл елге жеткізілсе, екіншісі 2026 жылы қарулы күштердің қатарын толықтыратын болады. Тағы көк аспанның тыныштығын күзететін 4 жойғыш ұшақ та алу жоспарланған. Жалпы биыл әскерилер 500-ден астам жаңа техникаға қол жеткізген.
Халифат орнатуды көздеген заңсыз қаруланған топ ел аумағына баса көктеп кірді. Лаңкестердің арам ойын жүзеге асыруға қазақ армиясына көмекке Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан әскерилері келіп, мықты тойтарыс берді. 5 мемлекеттің әскери контингенттері күш біріктіріп, арнайы операцияны орындады. Бұл биыл Ақтауда өткен ауқымды оқу-жаттығу жиындарының сценарийі.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
- Оқу-жаттығуға 4 мыңнан астам әскери қызметші және 700-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты. Оқу-жаттығу барысында қатысушы мемлекеттердің әскери контингенттері қарулы қақтығысты оқшаулау мақсатында бірлескен операциялар жүргізді. Тактикалық эпизодтар жерде, әуеде және Каспий теңізінің акваториясында ойналды.
Қазір елде аумақтық қорғаныс бригадаларын да дамытуға басымдық берілген. Олар алғаш рет пандемия кезінде жұмылдырылған. Одан кейін өрттер мен өзге де төтенше жағдайлар кезінде тартылды. Бүгінде аумақтық қорғаныс мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне енгізілген. Осындай оң өзгерістердің арқасында қазір қазақ армиясы Орталық Азияның үздігі атанып отыр. Яғни, халықаралық Global Firepower рейтингі бойынша біздің әскер Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстанның қарулы күштерін басып озған.
Риат Шони