Түркістан облысында 62 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды
Республика күні қарсаңында Түркістан облысында 62 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мерекелік жиында аймақ басшысы Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан белсенді тұрғындарды құттықтап, «Барыс», «Парасат», «Құрмет» және «Еңбек даңқы» ордендерін салтанатты жағдайда табыстады. Бұдан бөлек, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары берілді.
Республика күніне арналған салтанатты жиында аймақ басшысы Дархан Сатыбалды өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, еңбек озаттарын марапаттады. Мерейі үстем болғандардың бірі – Ақілгек Мұсаева. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері «Шапағат» медалімен марапатталды.
Ақілгек Мұсаева, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:
- Еңбегім бағаланып, наградталдым. Ол да менің еңбегім шығар. Бүкіл қазақ елін аналардың атынан мерекесімен құттықтап, қазағым аман болсын деп тілеймін.
Мерекелік шарада қарапайым еңбек адамдарымен бірге мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер, ұстаздар да қошеметке бөленді. Мәдениет саласының майталмандары да сахна төрінен көрінді.
Бекжігіт Сердәлі журналист, композитор:
- Еңбек адамдарына үлкен құрмет көрсету – ел президентінің алдына қойған басты мақсаты. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Еңбек адамдары жасай берсін. Әрдайым біздің қошеметімізге бөлене берсін.
Одан кейін мерекелік шара рәміздер алаңында жалғасты. Мемлекеттік гимн шырқалып, Көк байрағымыз көкте желбіреді. Салтанатты жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгінгі мереке Республиканы құрудағы тұлғалардың елеулі еңбегін дәріптейтін, азат ел екенімізді мақтан тұтанын күн еске салды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Қарым-қатынас орнатқан, сауда-саттық орнатқан барлық елдерде біздің көк туымыз қазір желбіреп тұр. Оның барлығы осы Тәуелсіздігіміздің жемісі деп айтуға болады. Баршаңызға құтты болсын!
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне жалғасты. Отаншылдық рухтағы ән шырқалып, ел бірлігі ұлықталды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш