Оралда кезекте тұрған 78 тұрғынға пәтер берілді

Республика күні Орал қаласында 78 отбасы қоныстойын тойлады. Олардың барлығы да – пәтер кезегінде тұрған азаматтар. Жалпы биыл шаһарда тұрғын үйге мұқтаж жандар тізіміне тіркелген 175 тұрғын баспанамен қамтылмақ. Сондай-ақ бүгін Тұңғыш Президент алаңында еліміздің көк туы көкке көтеріліп, мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылды.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес жыл басынан бері 36 тұрғынға пәтер сатып әперілсе, енді, міне, тағы 78 азамат баспаналы болды. Ал жалпы жыл соңына дейін 175 жанұя қоныстойын тойламақ. Олардың бәрі де – түрлі санат бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелгендер. Көпбалалы Шоңыраевтар отбасы осы күнді аңсай күткендерін айтады.

Медет Шоңыраев, қала тұрғыны:

- Керемет нұрлы күнде, қуанышты сәтте аңсаған баспанаға қол жеткізіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз, әрбір халыққа жұғысты болсын! 7 баламыз бар, 2 бөлмелі пәтерге қол жетіп жатыр. Халқымызды баспанамен қамтамасыз етіп жатқанына алғысымызды білдіреміз. Ел Президентіне алғыс айтамыз.

Тұңғыш Президент алаңына жиналған тұрғындар да бүгін қуанышты көңіл күйге бөленді. Еліміздің көк туы 61 метр биікте желбіреп, әнұранымыз аспанда қалықтады. «Егемендік туралы декларация қабылданған, тәуелсіздіктің тұғырын қалаған Республика күнінің маңызы ерекше, орны бөлек», – дейді елдің естілері.

Қанат Оразғалиев, қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

- 25 қазанда жоғары кеңес Егемендік туралы декларация қабылдады. Мұны бүкіл қазақ елі қуанышпен қарсылады. Бұл өзі халқымыздың көптен күткен үлкен тарихи оқиғасы еді. Қазір, мінеки, егемендік алғанымызға байланысты шекарамыз бекіп, көк туымыз желбіреп, әнұранымыз орындалып, Елтаңбасы жарқырап тұр. Бұған өте қуаныштымыз! Барлық Орал шаһары тұрғындарын ұлы мерекемен құттықтаймын!

Бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді нығайтар Республика күні облыс орталығында өзге де мазмұнды шаралармен айшықталды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.