Ақтөбе облысында ҚХА мүшелері марапатталды

Ақтөбеде Республика күніне орай облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік активімен кездесу өткізді. Аймақта 90-нан астам этнос өкілі береке-бірлікте, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Іс-шарада этносаралық бірлік пен келісімді нығайту, ынтымақтастық пен жалпыұлттық бірегейлікті дамыту, этномәдени бірлестіктердің қызметі және ҚХА институтын одан әрі дамыту мәселелері көтерілді.

Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Соның аясында «Бірлігіміз – әралуандықта» тақырыбын арқау еткен іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалар жүзеге аспақ. Өңір басшысы аймақтық ассамблея атқарып келе жатқан толымды істерді атап өтті. Ассамблея жастары су тасқыны кезінде де тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетті.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

- Апат айтып келмейді. Бірақ келген кезде оған төтеп беру керек. Жеңуге өте қиын болатынына сол кезде көзіміз жетті. Бірақ ауызбіршілік керек. Ұйымдастыру жұмыстары. «Паникаға» түспей, сол кезде әрбір бағытты алды да, сол бойынша жұмыстанды. Сол кезде нәтиже болды.

Еліміздегі келісім мен түсіністік –  ассамблеяның жүйелі қызметінің нәтижесі. Біздің міндет – этносаралық келісімді күшейту», – деді облыс әкімі. Жиында сөз алған ассамблея және этномәдени бірлестіктердің өкілдері атқарылған істерге кеңінен тоқталды.

Үмбетқан Сәрсембин, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары:

- Біздің ҚХА тәуелсіздік жылдарында ұлкен жұмыс жасап келе жатыр. Осы ассамблея құрамында елге барлық жағынан қызмет жасап жүрген көптеген азаматымыз бар. Осы кісілердің еңбегін бір жағынан бағалау үшін осы бүгінгі шара өтті.   

Қоғамдық келісімге үлес қосып жүрген белсенді азаматтар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет» грамотасына және облыс әкімінің алғысхатына ие болды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Дмитрий Димитриев.