Астанада мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер берілді
Елордада мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер берілді, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Республика күніне орай еңбеккерлерге осындай әлеуметтік қолдау көрсетілді. Баспана сертификаттарын тапсыру салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысып, құттықтауын жеткізді.
Адал еңбек еткен азамат мемлекет пен қоғамның қолдауын әрқашан сезінуі тиіс. Айтулы шара салаға деген қамқорлықтың бір көрінісі екенін айтты. Былтыр Президент атынан бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне 65 пәтер берілсе, биыл 67 жаңа пәтер кілті табысталды. Енді міне, мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын тапсыру Мемлекет басшысы саясатының заңды жалғасы болып отыр. Баспаналы болғандардың қатарында Ұлттық музей, қазақ музыкалық-драма театры, Астана Опера, Астана Балет, Қазақ әуендері және басқа да ұжым қызметкерлері бар. Көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық берілді. Барлығы – мәдениет саласына еңбегі сіңген өз ісінің шеберлері. Дарынды жас буын өкілдері де назардан тыс қалмады.
Самал Әжмұратова, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы:
- 16 жылдан бері күткен арманымыз отбасымен бірге. Көпбалалы анамын, бүгінгі күні ҚР егемендік алған күні осындай баспанаға ие болу деген – мен үшін үлкен бақыт. Ел алдында, университет алдында үлкен жетістіктерге және еліміздің дамуына үлес қоcуға дайынмын.