Шымкентте ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

Республика күні мерекесіне орай Шымкентте қаланың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты жиында қоғам қайраткерлері мен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген жандар құрмет биігінен көрінді. Қала әкімі адал еңбеккерлердің арқасында Шымкент қаласы да Республика күніне зор жетістікпен жеткенін тілге тиек етті.

Ұлттық мерекеде мемлекетіміздің қастерлі нышандарына айрықша құрмет көрсетілді. Сахна төріне Ту шығарылып, әнұран шырқалды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиынға қатысушыларды құттықтап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын атап өтті. 

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6% өсті. Қаланың бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 122 миллиардқа артып, 779 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның 50% әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды, себебі халық атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көруі тиіс.

Мерекелік жиынға қатысушылар жергілікті өнерпаздардың патриоттық қойылымдарын тамашалады. Ұлттық ән мен күмбірлеген күй салтанатты іс-шараның шырайын кіргізді.

Республика күнінде қалаға еңбегі сіңген азаматтар құрмет биігінен көрінді. Кәсіби міндеттерін адал атқарып, қоғамның дамуына үлес қосқандарға «Парасат», «Құрмет», «Ерен еңбегі» мен «Шапағат» ордені табысталды.

Шалатай Мырзахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Бұл тек қана маған берілген марапат емес, Оңтүстік Қазақстан, оның ішіндегі Шымкент қаласында өмір сүріп жатқан ардагерлерді ардақтағаны деген сенімім бар. Біздің болашақ ұрпағымыз бізден де жақсы өмір сүрсе деген тілектеміз.

Конгресс холға жиналған көпшілік үшін қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында іс бастаған суретшілер мен мүсіншілердің туындылары таныстырылды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.