Маңғыстау облысының 43 тұрғыны мемлекеттік награда алды

Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азамат Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік награда алды. Елордадан жеткен І дәрежелі «Барыс», «Құрмет», «Парасат» ордені мен медальдарды аймақ әкімі Нұрдәулет Қилыбай тапсырып, ризашылығын білдірді.

Маңғыстаудың әлеуетін күшейтуге елеулі үлес қосқаны үшін 43 азамат мемлекеттік наградаға лайық деп танылды. Марапатталушылар тізімінде энергетика, мұнай-газ өндіру, білім және денсаулық, мәдениет саласының қызметкерлері, жеке кәсіпкер бар.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ерекше статус беріп, ұлттық мерекеге айналдыру туралы тапсырма берген болатын. Бұл күн – түсіне білген адамға біздің ата-бабаларымыздың арманы. Бүгін әлемнің барлық мемлекеті есептесетіндей деңгейге жеттік.

Еңбек ардагері Сержан Шәкірат республикаға төкпе күйлердің шебер орындаушысы ретінде танымал. Маңғыстау күй дәстүрінің көрнекті өкілі Мемлекет басшысының Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Сержан Шәкірат, еңбек ардагері:

- Бірнеше мектеп бар деп жаңа айтылды ғой Қазақстанда. Сол мектептердің ішіндегі бір өз алдына ерекшесі – Маңғыстау мектебі. Маңғыстаудың домбырасы, оның күйлері өз алдына бір отау.

Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

- «Ерен еңбегі үшін» деген мен үшін үлкен еңбегімнің бағаланған күні деп есептеймін. 30 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс жасадым.

Салтанатты шарада еңбек ардагері Сақыш Қарабалина мен Бектұр Төлеуғалиевке «Парасат», тағы 10 адамға «Құрмет» ордені берілді. Жаңаөзендік электромонтер Бисенбай Нұрғалиев пен Маңғыстау атом энергетикалық комбинат слесары Сергей Шушунин ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» наградасын алды. Қалған азаматтар «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.