«Самұрық-Қазына» қызметкерлері Республика күнін атап өтті

«Самұрық-Қазына» компаниясың қызметкерлері Республика күнін атап өтті. Ұлттық мерекеде еңбек озаттары ұлықталып, мәртебе биігінен көрінді. Салтанатты жиында сөз алған басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов төл тарихымызға тоқталып, тәуелсіздік жылдарындағы мерейлі мезеттер туралы айтты.

Республика күні – азаттығымыз айшықталып, елдігіміздің айқын көрінісі болған мереке. Бұл – елдік істе ерлік танытып, Қазақстаның дамуы жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандар ұлықталатын күн. Ұлттық мереке аясында «Самұрық-Қазына» қызметкерлері мемлекеттік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ еңбек озаттарына құрметті қызметкер атағы берілді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- 1990 жылы Егемендік туралы декларация қабылданып, тәуелсіз еліміз құрылды. Бұл күні әдетте жетістіктер жайлы айтылады. Біз компанияның ғана емес, осындағы әр адамның еңбегін атап өткіміз келеді. Себебі біз ел экономикасын айтып жатырмыз. Ал ол үшін адам капиталы өте маңызды.

Компания құрамында 200 мыңға жуық қызметкер бар. Еңбегі адал, жауапкершілігі жоғары жұмысшылардың сабында теміржолшы, мұнайшы, бұрғылаушы, механик секілді мамандық иелері қызмет етеді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, құрметтеуге шақырды. Қор үшін басты ресурс – адам. Топ компанияларда мұнай-газ, атом өнеркәсібі, көлік және логистика, энергетика және байланыс салаларында 200 мыңдай адам жұмыс істейді.

Үлкен ұжымда жастарды қолдау да қарқын алған. Қазір мұнда 80 мың жас қызмет етеді. Оларға жайлы жағдай жасау, кәсіби білік, білімін арттыру басшылықтың басты назарында.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.