Алматыдағы кәсіпорын Мемлекеттік тудың қалай жасалатынын көрсетті

Алматыда мемлекеттік рәміздерді жасайтын 50-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ. Елдің дербестігін, Тәуелсіздігін және біртұтастығын айқындайтын, ол, әрине, рәміздері. Ту, Елтаңба, Әнұран әрбір мемлекеттің төлқұжатты іспетті.

Алматыда Мемлекеттік рәміздерді жасап шығаратын 60-қа тарта кәсіпорын бар. Солардың бірі «Алматықалабезендіру» мекемесі Елтаңба мен Әнұран жазылған стендтерден бөлек, тапсырыс берушінің сұранысына қарай айына әртүрлі өлшемдегі мыңнан аса Ту жасап шығарады.

Саят Мағзұмов, директордың өндіріс бойынша орынбасары:

- Ені бір метр, ұзындығы екі метр болатын Мемлекеттік ту бұрын қолдан жасалатын. Матаға бояуды өзіміз жағатын едік. Заманауи өзгерістерге сәйкес кәсіпорын цифрлық технологияға көшті. Қазір Ту арнайы принтерлер арқылы басып шығарылады.

Мемлекеттік туды жасаудың белгіленген стандарттары бар. Алдымен сублимациялық принтердің көмегімен көк байрағымыздың бейнесі қағазға түсіріледі. Одан кейін 200 градуста термо әдіспен кескін қағаздан матаға көшіреледі. Ені бір метр, ұзындығы екі метр болатын бір туды жасауға 15 минут уақыт кетеді. Басылып шығарылған Ту ары қарай өңдеу үшін тігін цехына жіберіледі. Ту габардин, тафта, атлас сияқты маталардан тігіледі.

Тудың жасалуы тапсырыс берушінің оны қай жерге ілетініне тікелей байланысты. Мәселен, ғимараттың сыртына ілінсе, политекс деп аталатын жеңіл тор тәріздес матадан тігіледі. Бұл материал сыртқы әсерлерге төзімді әрі өткізгіштігі жоғары. Сондықтан оны далаға ілгенде Ту желбіреп тұрады.

Қазақстанның көк байрағы қазір әлемге танымал. Мемлекет басшысының шетелге ресми іссапарларынан бөлек, спортшыларымыздың арқасында талай рет Олимпиада төрінде желбіреді. Көк туымызды ақындар өлеңге қосты, сазгерлер әнмен әуелетті.

Алмас Ахметбек, ақын:

- Бұл өлеңнің Тәуелсіздікке қадам басқанда, Тәуелсіз топыраққа қадамың тигенде, туған сәтінің өзі де керемет. Тәуелсіз, азаттық топырағына табаның тиіп тұрғанда сен бәтеңкеңнің ар жағында тұрған топырақтың жылуын сезгендей боласың. Сенің тік тұрған бойыңа рух береді. Тәуелсіз топырақтың бір ерекше тылсым қасиеті сенің табаныңнан өтіп, төбеңнен шығады. Ол – ерекше сәттер. Ақын үшін шабытты сәттер.

Алматыдағы ең үлкен Туды да осы біз барған кәсіпорын жұмысшылары тіккен. Ол бірнеше жылдан бері Медеу шатқалында желбіреп тұр. Тұғырының биіктігі – 40 метр, тудың ені мен ұзындығы – 7 де 14 метр. Елдіктің символы көк байрағымыз алыстан көз тартады.   

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.