Францияның әскери оркестрі Қазақстан әнұранын алғаш рет орындады
Еліміздің әнұраны алғаш рет Париждегі Салтанатты қақпаның алдында орындалды, деп хабарлайды 24KZ. Франциядағы Қазақстан елшілігі белгісіз сарбаз қабірінің жанында Бесінші республиканы азат етуге қатысқан батыр бабаларымыздың рухына арнап еске алу іс-шарасын өткізді.
Францияның әскери оркестрі алғаш рет Қазақстан әнұранын орындады. Осылайша, еліміздің Республика күнінде дипломаттар, жергілікті мэрлар мен көптеген турист қаһарман халықтың ержүрек ұлдарының рухына тағзым етті. 80 жыл бұрын қазақ батырлары қорғаған ауыл тұрғындары да келіпті.
Нелли Леблон, Жукевьель коммунасының мэрі:
- Қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыста «Қарсылық» қозғалысының қатарында болды. Фашистер оларды күштеп жұмысқа салды. Бірақ олар ебін тауып құтылып, біздің ауылдағы «Қарсылық» мүшелеріне келіп қосылды. Фашистер біздің ауыл өртеп, адамдарын қырды. Қазақтар азат ету соғысына қатысты. Оларды ешқашан ұмытпаймыз.
Салтанатты қақпадағы рәсім 100 жыл бойы өткізіліп келеді. Қазақстандықтар оған биыл алғаш рет қатысты.
Жанна д’Отсерр, Париждегі 8-округ мэрі:
- Мұнда 600-дей қауымдастық жыл сайын әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Өзім айына 2 рет қатысып тұрамын. Бұл – жан тебірентерлік сәттер. Біздің отанымызды қорғап, жанын құрбан еткендерді үнемі еске алып тұру маңызды. Францияның азат ел болғаны – солардың арқасы.
Еске алу іс-шарасына Францияда тұратын отандастарымыз алыс аймақтардан арнайылап келген.
Жанар Авар-Төребаева, Ренн қаласының тұрғыны:
- Бұл біздің Қазақстанымыздың мәртебесі дүниежүзі деңгейінде танымал болып келе жатқанын білдіреді. Біздің қазақ бауырларымыз Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы Франция елінің Альпі жағындағы жерлерді қорғауға қатысқан болатын. Сол белгісіз солдаттардың бүгін мәңгілік оты сол кісілірге арналып жағылды. Енді ол кісілердің, әрине, аты-жөндері бірнеше адам болып табылып жатыр. Оған біздің Қазақстанымыздың белгілі тарихшылары атсалысып жатыр.
Тарихшылар бірнеше ондаған қабірді анықтай алған, бірақ «Қарсылық» қозғалысына бірнеше 100 отандасымыз қатысты деп саналады. «Олардың жеке басын, аты-жөнін анықтау уақыт еншісінде», – дейді зерттеушілер.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан.