Алматыда Мемлекеттік ту көкке көтерілді

«Медеу» мұз айдынындағы биік шатқалға Мемлекеттік ту орнатылды, деп хабарлайды 24KZ. Теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте қалықтап тұрған көк байрақтың тұғыры – 40 метр, көлемі – 98 шаршы метр. Туды көтеру шарасы дәстүр бойынша әскери үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы әнұранмен сүйемелденді. Салтанатты шараға қала әкімі, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, жастар қатысты.

Республика күні Алматыда түрлі шаралар өтіп жатыр. Мерекелік кеш Абай және Астана алаңдарында дрондар шеруімен қорытындыланды.

Айдар Есенбеков, Алматы қ. қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Қаламызда өзі екі тутұғыр бар. Бірі – Трамплиннің маңында орналасқан тутұғыр. Екіншісі осы жерде. 2022 жылдан бастап біз бұл мерекеге үлкен мән беріп, ұлттық мереке деңгейіне шығырып отырмыз. Соның аясында Алматы қаласында көптеген мерекелік шара өтіп жатыр.