Жетісуда Мемлекеттік ту көтеру акциясы өтті
Республика күнінде Жетісу облысының тұрғындары Мемлекеттік ту көтеру патриоттық акциясына қатысты. Ауқымды шара өңірдегі аудан-қалалардың барлығында бір мезетте ұйымдастырылды. Салтанатты жиында мерекенің тарихы баяндалып, мән-мағынасы түсіндірілді.
Талдықорғандағы патриоттық акцияға мыңнан аса адам қатысты. Көпшілік аймақтағы ең үлкен тудың көтерілу сәтін тамашалап, өнерпаздармен бірге әнұранымызды асқақтата шырқады.
Отаншылдық рухты оятқан шараның жоғары деңгейде өтуіне мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, әскери құрылымдар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері атсалысты. Белсенді жастар мен қарапайым тұрғындар да өз үлесін қосты.
Мұрат Мұсаханұлы, Қаратал ауданының тұрғыны:
- Бүгін өте керемет күн ғой. Республика күні, мереке күні ауа райымыз да, күніміз де жарқырап шығып тұр. Бұл деген біздің еліміздің болашағының жарқын боларының бір дәлелі деп білемін.
1990 жылдың 25 қазанында «Егемендік декларациясы» қабылданғаны белгілі. Тарихи шешімнің 34 жылдығына арналған акцияда мерекенің мазмұны айшықталды.
Еркебұлан Ақболатов, қала тұрғыны:
- Ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен күресіп, сан ғасырлар бойы аңсаған күннің орындалған күні. Бұл, шынымен де, қазіргі Тәуелсіздігімізді айшықтайтын ұлық мереке.
Ту көтеру рәсімі қала тұрғындарына арналған мерекелік кешке ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, көпшілікті ерекше сезімге бөледі.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Айгүл Газизулина.