ШҚО-да тұрғын үй құрылысы үш есе артты
Биыл Шығыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысы үш есе артты, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы 3 айда 400 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Өңірдегі құрылыс қарқынының артуына әлеуметтік бағдарламалар септігі тиді. Жергілікті билік дайын пәтерлерді құрылыс компанияларынан сатып алып, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жалға немесе ипотекалық бағдарламалар бойынша береді. Бұл жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бүгінгі күні облыста 20 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр.
Өскеменде жыл сайын 10-15 көп қабатты тұрғын үй тапсырылады. Қазір өңірдегі барлық ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жалдамалы және ипотекалық бағдарламамен 1,5 мың пәтер ұсынылады. Оның 672-сі жылдық мөлшерлемесі 5%-ке дейін жеңілдетілген несиемен сатып алуға, ал 766-ы жалға алуға беріледі. Дегенмен, облыс орталығында баспана мәселесі әлі де өзекті. 13 мың тұрғын үй кезегінде тұр. Жергілікті билік баспана мәселесін тездетіп шешу үшін құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алу бағдарламасын іске қосты.
Амантай Бақыт, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда міне тұрғын үй қатынастар бөлімен 177 үй сатып алынды. Қазіргі таңда соның берілу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлі 40 пәтер сатып алынады. Сонда биыл 214 пәтер, 58 жер үй берілетін болады.
Аймақтағы құрылыс компаниялары үшін бұл жүйе қаржылық жағынан тиімді болып отыр. Себебі Мемлекет бір алғанда жүздеген пәтерді бірақ сатып алады. «Ол құрылыс компаниялары үшін өте пайдалы», - дейді құрылыс компаниясының бас инженері Владимир Титаренко.
Владимир Титаренко, құрылыс компаниясының бас инженері:
- Бұл ауданда қазірдің өзінде 27 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Оның 50%-ке жуығы мемлекеттік бағдарламалар бойынша сатылды. Қазір өздеріңіз білесіздер, құрылыс материалдары өте қымбат. Сондықтан мемлекетпен бірігіп жұмыс істеген өте ыңғайлы әрі сенімді. Қаражатты уақытында аударып отырады. Алданып қаламын деп уайымдамайсың.
Ал өскемендік тұрғындар көпқабатты тұрғын үй құрылысының сапасын бағалайды. Мереке қарсаңында 17 жыл бойы пәтер жағалап келген Альфия Каримова мемлекет қолдауының арқасында пәтерлі болды.
Альфия Каримова, қала тұрғыны:
- Мен жақын арада үй аламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Маған баспаналы болатынымды кеше айтты. Қуанышымда шек жоқ. Өз үйің болғанға не жетсін. Мемлекеттің қолдауы кез келген отбасына қажет. Бастысы – балаларымның өз бөлмесі болады.
Биыл Шығыс Қазақстан облысының өзінде тұрғын үй құрылысына мемлекеттен 130 млрд теңге инвестиция салынды. Соңғы 5 жылда Өскеменде 9 жаңа шағын аудан бой көтеріп, қала аумағы екі есеге ұлғайған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин