27 қазан – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні

Қоғамда әрдайым қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жанынан табылатын аса қамқор жандар бар. Олар және аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға да әркез көмек қолын созып тұрады. Қазанның соңғы жексенбісі, яғни бүгін – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Адам баласынан жанқиярлық еңбегі және ізгі ілтипатын аямаған абзал мамандық иелері қай кезде де жоғарғы құрметке лайық. Қазіргі таңда республика бойынша әлеуметтік қорғау саласында тер төгіп жүрген 35 мыңдай қызметкердің жаңа кәсіптік стандарты бекітілді.

Сасқанға сая, адасқанға пана, тағдырдан теперіш көрген жанға қорған бола білген мамандар ел бойынша 110 мыңдай адамға әлеуметтік қызмет көрсетеді. Республика көлемінде мыңға жуық арнаулы әлеуметтік ұйым жұмыс істейді.

Жалпы қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығы қалыпты болуы үшін астың құнарлы болуы шарт. «Шарапат» әлеуметтік қолдау көрсету орталығында 19 жылдан бері ас мәзірін бекітетін Салтанат Мұқатаева тағамтануға аса мән беру керектігін айтады. Орталықтағы 341 адамның 5 мезгіл тамақтануын қадағалайтын ем-дәм бикесі қант диабеті мен түрлі аллергиясы бар жандарға бөлек қазан көтерілуін қадағалайды. 

Салтанат Мұқатаева, «Шарапат» ӘҚКО диетологы:

- Мен өкінбеймін осы жұмысты таңдағаныма. Жұмысым өзіме өте ұнайды. Осындай қарттарға қарап, мүгедектерге көмек жасап жатқанымызға. Өзімнің үйімде де 85 жастағы қарт анам бар. Сондықтан осындай кісілердің қандай жағдайы бар, қандай мәселелері бар екенін түсінемін. Қандай жылы сөздермен олар кісіні сезінеді. Солай маған өте жақын бұл сала.  

Сырлы табақты жылы қабақпен тартатын орталық аспаздары мейірбандықты алдыңғы орынға қояды. Жалпы 7 бағытта қолдау көрсететін мекеменің барлық мамандары қызметінің негізгі мазмұны қамқорлық жасау деп біледі.

Ардақ Сейітова, «Шарапат» ӘҚКО директоры:

- Қызметкерлер бірден мейірімділігімен ерекшеленеді. Қарт кісілер әңгімелесіп отыруға мұқтаж. Өзінің мәселесін айтуға естисін құлақ болса дейді. Әлеуметтік психологиялық қызметтер бар. Бұл жерде психологтардың еңбегі зор деп атап өтуге болады. Сонымен қатар стационарда әлеуметтік қызмет жөніндегі маман деп аталады. Мекемеле олардың саны – 7. Ал үй жағдайында әлеуметтік қызметкер екеуі екі бөлек. Үй жағдайындағы кісілер сол жақтағы қария кісімен жалғыз қалады. Яғни, ол барлық 7 саланы да білуі керек. Қойған сұрағының бәріне жауап беруі керек.       

Орталық мамандары тұрғындарға құқықтық, медициналық және мәдени-спорттық көмек көрсетумен де айналысады. Сала министрлігі тарапынан айналаға ізгілік дәнін сеуіп жүрген жандардың өздерін қолдаудың жаңа кәсіптік стандарты белгіленді. Әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеру бағытында сала жұмысшыларының жалақысы көтерілмек. 

Амантай Майрамов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- 2021-23 жылдар аралығында әлеуметтік қызметкерлер жалақысын 25-30%-ке көтердік. Келесі жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуді жан басына шаққанда қаржыландыруға көшу жоспарланып отыр. Әрбір әлеуметтік қызметкердің көрсеткен қызметіне қаржы төлейтін боламыз. Бұл бізге әлеуметтік қызметкердің маңыздылығын көрсете отырып, айлық ақысын әрі қарай жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Өзінен гөрі өзгенің бақытына риясыз шаттанатын мамандық иелері қарттардың әр қуанышын ескерусіз қалдырмайды. «Шарапат» орталығының қызметкерлері келесі жылы үш қарияның 100 жылдық мерейтойын өткізуге дайындалу үстінде.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсет Қобыланбаев.