Алматылық әлеуметтік қызметкер 100-ден аса адамға қолғабыс етті

Алматылық Ұлжан Дүйсенбекова 33 жылдан бері әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеп келеді. Осы жылдар аралығында ол 100-ден аса соғыс ардагері мен мүгедектігі бар жандарға көмек қолын созып, олардың жүріп-тұруына, тұрмыстағы шаруаларына қолғабыс етті.

Ұлжан Дүйсенбекованың жұмыс күні әдеттегідей таңертеңгі 9-да басталады. Бірақ қамқорлығындағы жандардың қажетін жеткізу үшін кейде ерте қамданатыны да бар. Бүгін де жолай дәріханаға кіріп үлгеріпті. Енді өзі жәрдемдесіп жүрген Арман Исабекованың тапсырыс берген заттарын алып, үйіне барады. «Қарамағымдағы жандар туысымдай болып кетті», – дейді ол. Әлеуметтік қызметкерлікті 1991 жылы 28 жасында бастапты. 33 жылдан бері Ұлжан Дүйсенбекова мұқтаж жандардың алғысын арқалап келеді.

Ұлжан Дүйсенбекова, әлеуметтік қызметкер:

- Қарттармен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Олардан көп нәрсені үйрендім. Ақылдарын айтады. Қанша дегенмен ол кезде жас болдым ғой. Қазір енді өзімнің да жасым бірталай, өзім де қазір әжемін.

Сал ауруына шалдықса да, қоғамнан бөлінбей, музыка мектебінде шәкірттерге дәріс беріп жүрген Арман Исабекова жеті жылдан бері Ұлжанның қамқорлығында. Үй шаруасына көмектеседі, инватаксимен аптасына екі рет мектептегі жұмысына апарады. Кей кездері банкке, тіс емханасына да жетектейді.  

Арман Исабекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Ұлжанды 2017 жылдан бері білемін. Бұрын өзім жүріп-тұратынмын. Коронавирустан кейін денсаулығым тіпті нашарлап кетті. Содан бері ол мені жұмысқа сүйреп апарады. Сыныпқа дейін демеп кіргізеді. Үй шаруасына да қолғабыс етеді. Ұлжанға, басқа да әлеуметтік қызметкерлерге алғысым шексіз.

Ұлжан Дүйсенбекованың қарамағында қазір көмекке мұқтаж 9 жан бар. Олардың ең үлкені 105 жастағы әже болса, ең жасы 53-те.

Ұлжан Дүйсенбекова, әлеуметтік қызметкер:

- Бұл жұмысқа төзімділік керек, табандылық керек, шыдамдылық керек. Қарттармен, үлкен адамдармен жұмыс істеу оңай емес.

Ұлжан Дүйсенбекова көбіне жаяу жүреді. «Таза ауада тыныстап, мұқтаж жандарға жақсы көңіл күймен баруға тырысамын», – дейді өзі. Еңбекқор жанның ендігі бағыты – 84 жастағы әженің үйі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.