Ақтауда жылу тарату желісіндегі ақаулар жөнделіп жатыр

Ақтауда үйлерге жылу тарату желісінен шыққан ақаулар жөнделіп жатыр. Қалада 1500-дей тұрғын үй бар. Осы тәулікте 8 ақау анықталып, 20 үйге жылу беру шектелді. Қазір бұл учаскелерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айта кетсек, шаһардағы жылу жүйелеріне жауапты коммуналдық кәсіпорынға Жаңаөзеннен 8 бригада көмекке келді. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай көпқабатты баспаналарға жылу тарату желілеріндегі жұмыс барысын көріп, қарқынын күшейтуді тапсырды.

Биыл Ақтауда 11,3 шақырым жылу құбырлары ауыстырылды. 50 жыл жөндеу көрмеген магистралдық жылу жүйесінің алғаш рет жаңартылуы. Дәнекерлеп-монтаждау жаз бойы жалғасты. Құбырлар іші бос болғандықтан, мамандарға сынақ жұмыстарын толықтай жүргізу қиынға соқты. Соған сәйкес жылыту маусымы басталған кезде кейбір учаскеде ақау шыққан. 

Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласының әкімі:

- Ақтау қаласының барлық жерінде жылу жоқ деген – бұл қате пікір. Көптеген үйлерде жылу бар. Иә, кейбір үйлерге жылу жетпей жатыр. Оның себебі осындай тарату желілерінде шығып жатқан ақауларға байланысты. Жөндеу жұмыстары аяқталған кезде осы аталған үйлерге жылу беріледі.

Бердібек Қартбаев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Ақтау қаласы бойынша 1143 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 96%-не жылуды бердік. Алдағы уақытта да ақаулар пайда болуы мүмкін. Себебі жаңа айтқандай, құбырдың ескілігіне байланысты.

Жылу тарату желілеріндегі ақауды жоюға коммуналдық мекемелерден 19 бригада тартылды. Қазір 110 жұмысшы және 49 техника тынбай жұмыс істеп жатыр. Кейбір учаскеде жөндеудің аяқталғанына тұрғындар риза.

Сауалнама:

- 19-шы шағынаудан, 20-шы үйде тұрамыз. Кеше кешке жылу берілді. Үй жылы. Ешқандай шағым жоқ.

- 17-ші шағынаудан, 43-ші үйдің тұрғынымын. Рақмет айту керек жұмыс жасап жатқан балаларға. Қазірден бастап кішкене жақсы келіп жатыр.

Мәселенің тез арада шешілуін облыс әкімі өз бақылауына алды. Нұрдәулет Қилыбай ақау шыққан учаскелерге барып, әр пәтерге жылу берілуі үшін жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.