ШҚО-да өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 1300 үй анықталды
Шығыс Қазақстан облысында жеке сектордағы 1300 үй өрт қауіпсіздік талаптарына сай болмай шықты. Бұл жайында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мәлімдеді. Құтқарушылар өңірдегі 9 ауданды аралап, барлық үйдің пеші мен жылыту жүйесін, мұржаларын толық зерделеп шыққан. Апаттың алдын алуға бағытталған 28 мыңға жуық қауіпсіздік шарасын өткізді.
Шығыс ауылы – Өскемен қаласының іргесінде орналасқан шағын елді мекен. Мұндағы баспаналардың басымында жылу жүйесін тұрғындар өздері орнатқан. Сондықтан кей үйлерде қауіпсіздік талаптары мүлдем сақталмаған. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар әр үйге кіріп түсіндірме жүргізіп жүр. Мобильді топ өкілдері әлеуметтік аз қамылған отбасыларға басымдық беріп отыр. Олар бұған дейін орнатылған газ датчиктерінің батареясын ауыстырып, жаңасын орнатып жатыр.
Анастасия Скляр, ШҚО Мемлекеттік өртке қарсы бақылау департаментінің бас маманы:
- Бақылау барысында былтыр ғана орнатылған газ датчиктерінің істен шыққанын көріп отырмыз. Батареясы отырған. Оның барлығын бірден ауыстырып шығамыз. Жалпы бұл құрылғының пайдасы орасан зор. Сондықтан биыл тағы 15 мың данасын орнатамыз.
Ал ауылдағы мына үйдің пеші жедел жөндеуді қажет етіп тұр. Қыс болса қыр астында. Дегемен әлеуметтік жағдайы төмен отбасының жөндеу жұмыстарына жұмсар қаржысы жоқ. Мұндай жағдайда мобильді топ мүшелері өз қаражатына қолдау көрсетіп жатады.
Нұрлан Әубәкіров, Өскемен қалалық білім бөлімінің әдіскері:
- Мобильді топтың құрамында қоғам белсенділері мен білім бөлімінің мамандары бар. Қайғылы жағдайды болдырмау үшін барлығымыз қолдау көрсетуге тырысамыз. Керек болған жағдайда білім бөліміндегі қамқоршылық кеңеске жүгінеміз. Әр отбасында балалар болғандықтан, кеңес мүшелері қолдан келген көмегін ұсынуға әзір.
2023-2024 жылғы жылу маусымында аймақта 307 тұрмыстық өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 23 адам қаза болды. Оқыс оқиға қайталанбауы үшін құтқарушылар, әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілерден құралған топ күнделікті 100-ге жуық үйді аралап, қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп жүр.
Авторлары: Мерей Бает, Вячеслав Ветлугин.