Әлеуметтік қызметкер мамандығына сұраныс артып отыр

Қазақстанда 35 мыңдай адам әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ. Олар өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарды қамқорлыққа алған. Қазанның соңғы жексенбісінде сала мамандары кәсіби мерекесін атап өтеді. Қазір елдің шығысында 3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бар. Олардың қызметі қаншалықты сұранысқа ие? Жалпы әлеуметтік қызметкердің еңбегі қалай бағаланады?

Өскемендегі «Үлбі» әлеуметтік орталығы мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Мұнда 11 бөлімше бар. Мекеме қабырғасында ерекше қажеттілігі бар жеткіншектер оңалтудан өтеді. Мамандар оларға психологиялық көмек көрсетіп, қоғамға бейімдейді. Орталықтың жұмысын Елена Нохрина үйлестіреді. Оның қарамағында 10 әлеуметтік қызметкер бар.

Елена Нохрина, «Үлбі» үйде көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазір бұл – сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Себебі жастар арасында алыс жақын шетелдерге кетіп жатқандар көп. Ал ата-аналары қартайған шағында жалғыз қалады. Үлкен кісілер басқа жаққа қоныс аударуды қаламайды ғой. Оларға әлеуметтік қызметкерлердің көмегі керек болады.

Алмагүл  Рамазанова әркез көмекке зәру адамдардың жанынан табылады. Ауа райына қарамастан аптасына бес рет қариялардың үйін аралайды. Олар Алмагүлді тағатсыздана күтіп отырады.     

Алмагүлдің ең көңілді пациенттерінің бірі – Зинаида Барышникова. Қарт ана ұлы мен жолдасынан айырылған. Тағдырдың салғанына көніп-ақ келеді. Бірақ 87 жастағы кейуана үшін үй шаруасымен айналысу қиындық тудырады. Өздігінен дүкенге бара алмайды. Сондықтан әлеуметтік қызмет көмегіне жүгінуге мәжбүр. 

Зинаида Барышникова, зейнеткер:

- Мен әлеуметтік қызметшілердің жұмысына ризамын. Алма бәрін шын көңілмен жасайды. Төлемдер уақытылы жасалады. Дәрі-дәрмек дер кезінде жеткізіледі. Қалаға ауруханаға бару керек болса, бірге аттанамыз. Үйді тап-тұйнақтай етіп тазалап, жуып шығады. Шай қойып береді. Азық-түлік те әкеледі.

Зейнеткер де қарап отырмайды. Қолынан келгенше көмек көрсетуге тырысады. Екеуі үй жинайды, ас әзірлейді. Кейде кітап оқиды.

Жалғызілікті кейуана үшін әлеуметтік қызметкер – көмекші ғана емес, дос–құрбы. Отбасының мүшесі іспетті. Арада өзара түсіністік орнаған. Осы салада тер төгіп жүрген Алмагүл үшін әлеуметтік қызметші болу – күрделі әрі абыройлы мамандық.

Алмагүл Рамазанова, әлеуметтік қызметкер:

- Басында бәрі қиын болады ғой. Кейін үйрене бастайсың. Тіпті сол адамға бауыр басып кетесің. Өз отбасыңдай болып кетеді. Әлеуметтік қызмет қажетті әрі маңызды мамандық дер едім. Кешке үйге қайтқанда мұқтаж адамға көмек қолын созғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Шыны керек, әлеуметтік қызметшілердің еңбегі лайықты бағасын алмай келеді. Олардың орташа жалақысы – айына 150 мың теңге. Бұл – тіпті екі қайтара көтерілгеннен кейінгі сома. Ал келер жылы қаржыландыруды жан басына қарай есептеу жүйесі енгізілмек.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов.