Петропавлда әлеуметтік қызметкерлерге 500-ге жуық адам жүгінеді

Петропавлда әлеуметтік қорғау жүйесінде 61 қызметкер жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ. Олар қала бойынша 500-ге жуық жалғыз тұратын зейнекер мен мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетеді.

Петропавлдық Татьяна Корж жалғыз тұрады. Мүгедектігі бар адамға аптасына екі рет әлеуметтік қызметкер Айгүл Сәлжанова келіп, керегіне жарайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмегін әкеліп, баратын жерлеріне апарып келеді.

Айгүл Сәлжанова, әлеуметтік қызметкер:

- Мен күніне 4-5 кісіге барамын. Стандарт бізде сондай. Тамағын әкеліп беремін, дүкеннен чек алып, бірдеңе пісіруге көмектесемін. Сосын соцтаксимен ауруханаға апарамын.

Петропавлда Айгүл Сәлжанова секілді 61 маман бар. Олардың жұмысы оңай емес. Әрқайсы таңертеңнен кешке дейін өзіне бекітілген мұқтаж адамдардың үйіне барып, 8 әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Венера Байтеленова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі:

- Петропавлда үйде әлеуметтік көмек алудың 5 бөлімшесі бар. Ондағы мамандар 494 адамға қызмет көрсетеді. Олардың арасында ерекше күтіпді қажет ететін жандар да бар. Сондықтан әр қызметкердің міндеті орасан зор.

Әлеуметтік қызметкерлер қызметтік көлікпен қамтылмаған. Сондықтан оларға бюджет есебінен ай сайын қоғамдық көлікте тегін жүру билеті сатып алынады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.