Елдің шекара флотында егіз матростар қызмет атқарады

Еліміздің шекара флотында егіз матростар Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды 24KZ. Иса мен Мұса Ақтау қаласында дүниеге келген. Биыл колледж бітірген соң әскерге қабылданған. Қазір жағалау күзеті дивизионында мерзімді әскери қызмет атқарады. Күнделікті жауынгерлік жаттығудан бос уақытын егіз жігіттер шет тілдерді үйренуге арнайды екен.

Әскери бөлімдегілер 19 жастағы матростарды жиі шатастырады. Иса мен Мұса біріне-бірі қатты ұқсайды. Егіздердің хоббиі де бір. Мектепте жүрген шағында шет тілдерін өз бетімен үйренуге ден қойған. Интернеттен алған оқу бағдарламасы бойынша үйде оқып, субтитрлі кинофильмдерді көру арқылы ағылшын, испан және француз тілінде сөздерді жаттаған.

Иса Тұрдыбай, матрос:

- Бразилиядан және Нигериядан достарым болды. Мен олармен сөйлесу арқылы тілдік барьерімді күшейттім. Қатарлас жауынгерлер маған қызығып жүр. Менде кітап бар. Мен оларды ағылшын тіліне үйреткім келеді. Олар да соны сұрап жүр. Әскерден соң Шенген визасын алып, Еуропаға оқуға кетуді жоспарлап жүрміз.

Ізденімпаз егіз қазір теңіздегі шекара қызметінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Жас матростар жауынгерлік корабльге бармас бұрын оқу орталығында біліктілік арттыру курсынан өтеді. Жаттығу өтетін бөлмелер әскери су көлігінің айна-қатесіз үлгісін қайталайды. Мұнда болашақ теңізшілер өрт сөндіру, кеме бортының тесілген жерін бітеу секілді тапсырмаларды орындайды.

Мұса Тұрдыбай, матрос:

- Матрос болуды бала күнімнен армандадым. Ақтауда дүниеге келген соң әскери борышымызды Каспий теңізінде өтеу біздің ұстанымыз болды. Колледжде жүрген уақытта бауырыммен бірге қонақүйде жұмыс істедік. Шетелдіктермен күнде сөйлесуіміз сөздік қорымызды молайта түсті.

Қуандық Қайырлетов, дивизион командирінің орынбасары:

- Егізді бірінен-бірін ажыратпай, бір кемеге жіберуді шештік. Жаттығу сабақтары 3 айға жалғасады. Бұдан соң матростар теңіз шекара флотына бөлінеді. Биыл күзгі шақырту кезінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Маңғыстау өңірінен 208 адам әскерге шақыртылды.

Егіз матростар 25 қазан – Республика күнінен соң 20 жасқа толады. Келер айда салтанатты ант тапсыру рәсіміне қатысып, әскери теңізші атанатын сәтті асыға күтіп жүр.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.