Шымкенттік қариялар бұқаралық жарыстарға қатыса бастады

Шымкентте салауатты өмір салтын насихаттап жүрген зейнеткер көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Қариялар спортпен шұғылданып, кейбірі 70-тен асқанда бұқаралық жарыстарға қатыса бастады. Белсенді өмір салтын ұстанғандар арасында сырқатын жеңгендер де бар.

Гүлсара Әбсаматова 74 жасқа қараған шағында спортпен тұрақты түрде шұғылдана бастаған. Күн сайын дендросаябақ аумағын айнала жүгіріп, дене қыздырады. Бел созып, турникке тартылады. Айтуынша, денсаулығы сыр беріп, дәрігерге қаралғанда ауыр дерттің белгілері байқалған. Содан бері белсенді өмір салтына бейімделіп, жан мен тәннің саулығын сақтап жүргенін айтады.

Гүлсара Әбсаматова, зейнеткер:

- Азанда дүбірлеп, осында келгім келіп кетеді. Қуаныш пайда болды. Күле алатын болдым. Күлмейтін едім. Енді онкология десе бәрі отырып қалады ғой. Мен отырмай, керісінше, күрестім. Біз зейнеткерлердің бәріне бала бақтырып қоямыз ғой. Ұрпағымыз деп. Оларға мүмкіншілік бермейміз. Бәрі спортқа келсе деп ойлаймын. 2-3 сағат осында беймарал жүремін.

Шымкентте салауатты өмір салтын ұстанатын қариялар саны артып келеді.  «Белсенді ұзақ өмір» орталығына 800-дей адам келеді. Олар күнделікті жеңіл атлетикамен айналысып, суға түседі. Адам ағзасына пайдалы жаттығулар жасайды. Аптасына бір рет өзара сайысқа түсіп, бой сергітеді.

Зейнеткерлер үшін мәдени-рухани және спорттық іс-шаралар бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік берді. Өмірге деген құлшынысы артқан қариялар спортпен тұрақты шұғылданып, бұқаралық сайыстарға қатысып жүр.

Панзарбек Жаңабаев, зейнеткер:

- Осы орталыққа келіп бірге қызметтес болған жігіттердің біразын тауып отырмын. Басқа да біз қатарлы зейнеткерлермен тіл табысып, бос уақытымызды бірге өткіземіз. Көпшілікпен гимнастикасы бар, басқа да нәрсемен шұғылданып, соңғы 2-2,5 жылдай сол жерде жүгіруді де үйрендім.

Шымкентте 86 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға жаттықтырушылардың көмегі мен психологтардың кеңесі қарастырылған. Сауықтыру орталығына сұранысы артқанда келушілер үшін тағы бір нысанның қажеттілігі туып отыр.

Мауия Алданазарова, қалалық «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры:

- Бізде сұраныс өте көп зейнеткерлерден. Шымкент қаласында 3 ғимаратта орналасқан. Қазір төртіншісін ашайын деп отырмыз. Қарияларымыздың денсаулығы өзгеретіні көзінен көрініп тұрады. 1-2 аптаның ішінде нәтижесін байқаймыз.

Мамандардың айтуынша, белсенді өмір салтынына бейімделген зейнеткерлердің денсаулығы нығаяды. «Оң өзгеріс өмір сүру жасының ұлғаюына да әсер етеді», – дейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.