Қарағанды облысындағы Құланөтпес ауылына 20 жылдан соң су құбыры тартылды
Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Құланөтпес ауылына 20 жылдан соң су құбыры тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Бүған дейін тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішті. Қазір су үйде ағып тұр. Жалпы облыс бойынша ауылдарды сумен қамту жұмыстары қай деңгейде? Тұрғын саны аз, бюджет қаражаты қарастырылмаған елді мекендердің мәселесі қалай шешілмек?
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Құланөтпес ауылына 20 жыл бұрын су құбыры тартылған. Алайда қаржының аздығына байланысты көшеге бірнеше түбектер ғана қойылыпты. Олардың өзі әбден тозып, шетінен істен шыға бастаған. «Бұл өте қолайсыз, өйткені қыста жиі қатып қалады», - дейді ауыл тұрғыны Дәулеткелді Сыздықов.
Дәулеткелді Сыздықов, Құланөтпес ауылының тұрғыны:
- Адам баласы жақсылыққа тез үйренеді ғой. Сондықтан су келді ауылымызға. Колонкалар тұрған. Қазір олардың барлығын алып тастап, қазір әр үйдің ауласына су жетіп жатыр. Өте қуанышты жағдайдамыз. Сапасы өте жақсы судың. Осы жерден көшіп кеткен біздің ауылдың адамдары келген кезде су алып кетеді.
Ауылға су құбырын тарту үші облыстық бюджеттен 162 млн теңге қарастырылған. Соның 50%-і биыл бөлінді. Қазір ауылдағы 92 үйге су құбыры тартылған. Бұған қоса, ескірген мұнара ауыстырылып, жаңа резервуар қойылды. Екі жылға жоспарланған жобаны мердігер мерзімнен ерте бітіріпті.
Есімжан Дембаев, мердігер:
- Осы жылға бөлінген 80 млн-ды біз толығымен игердік. Қалған қаражатын біз өзіміздің компаниядан бөліп, толығымен салдық. Ауылың ішіне құбырды толығымен жүргіздік. Оның диаметрі 110 мм. Ұзындығы 3,6 км.
Нұра ауданына қарасты 37 ауыл бар. Соның 29-ы тіршілік нәрімен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 2 ауылға су құбыры тартылады. Бұған қоса, тұрғын саны аз елді мекендердің мәселесі де назардан тыс қалмайды.
Нұржан Оралбаев, Нұра ауданы ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Кішігірім елді мекендерді таза ауызсумен қамту үшін модульдік кешендер орнатылып жатыр. Бұл биыл үш ауылда жоспарланған, қазіргі уақытта екеуінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы бізде аудан халқына есептеген кезде 95,6% халық сумен қамтылған.
Қарағанды облысында 342 ауыл бар. Оларда 209 мың адам тұрады. Бүгінгі таңда тұрғындардың 95%-і тіршілік нәрімен қамтылған. Алдағы жылы тағы 32 жоба жүзеге асырылмақ. Оған қазынадан 4 млрд 800 млн теңге қарастырылып отыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар