Түркістан облысында 1000 шақырымнан астам жолға асфальт төселіп жатыр
Биыл Түркістан облысында 1000 шақырымнан астам жолға асфальт төселіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жыл соңына дейін соның 546 шақырымы тапсырылады. Кентау қаласының өзінде 30-ға жуық көше жаңғыртылуда.
Қарнақ ауылында Амангелді атындағы көшенің тұрғыны Әбдісамид Сайдов ұзақ жыл бойы жол азабын тартқанын айтады. Көктемде көше батпақ болып, жазда шаң көтеріледі дейді. «Енді тақтайдай тегіс жолмен жүреміз. Әсіресе, мектепке баратын немерелеріме жақсы болды», - деп қуанып отыр.
Әбдісамид Сайдов, Қарнақ ауылының тұрғыны:
- Мына жолмен балаларымыз мектепке барады, мектептен келеді. Аяқтары лай болмай жақсы барып, келетін болды. Мына жақта Үштөбе көшеміз бар, Науаи көшеміз бар, барлығына асфальт түсіп жатыр.
Қарнақ ауылында 9 көшеге асфальт жабыны төселген. Енді соңғы 10-шы көшеге жол салынып жатыр. Олардың әрқайсының ұзындығы 800 метрден асады. Бұдан кейін Құсшы ата мен Баялдыр ауылдарындағы 11 көшеге асфальт төселеді.
Ұлан Жамбылұлы, Кентау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қарнақ, Байылдыр ауылдарында 16,8 шақырымды құрайтын 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Қазір өздеріңіз көргендей, асфальт басу жұмыстары жүріп жатыр. Асфальт салынып болғаннан кейін қазан айының 20-вна қарай біз «Ұлттық сапаны» шақырып, көшелердің барлығынан сына алатын боламыз.
Қалалық әкімдік жаңадан салынатын жолдардың сапалы болуы үшін «Ұлттық сапа» орталығымен келісімшарт жасасқан. Орталық соңғы 4 жылда Түркістан облысы бойынша 1292 нысанды бақылауға алып, тексеру жүргізген.
Ғалымжан Өтенбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РММ Түркістан облыстық филиалының директоры:
- Республикалық, облыстық маңыздағы жолдардан бөлек, қала, елді мекен көшелерінің құрылысын, орташа немесе күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексеруге 330 рет бардық. Нәтижесінде 11 мыңға жуық сына алынды. Соның 4 мыңнан астамы нормаға сай болмай шықты. Бүгінгі таңға мамандар тарапынан 2235 ақауды анықтап, нәтижесінде 2 мыңнан астамы қалпына келтірілді.
Атқарылған жұмыстарының нәтижесінде мердігерлер 2 млрд-қа жуық теңгеге сапасыз жолдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Жақында ғана өңір басшысы мердігерлердің жұмысын сынға алып, жол сапасын қадағалауды қатаң тапсырған еді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов