Жазушы Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толды

Бүгін исі қазақ Герағаң атап кеткен жазушы-публицист, аудармашы, сыншы Герольд Бельгердің туғанына 90 жыл толды.

Қаламгер шығармаларын неміс, қазақ және орыс тілдерінде жазды. Жай ғана шығарма жазып қана қойған жоқ қазақ әдебиетін байытты. 

Қоғамдағы түрлі мәселені тақырыбына арқау еткен жазушы  қайраткерлігімен де қазақтың Герағасы атанып, ұлт жанашыры ретінде елдің есінде қалды.

Герольд Бельгердің отбасы соғыс жылдарында Ресейдің Саратов аймағынан Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келеді. Бала Герольд қазақ мектебінде оқып, қазақ тілін еркін меңгереді. Содан соң әдебиет пен мәдениеттің ошағы Алматыға оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын Жамбыл облысының Байқадам ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. 

Ал 1963–1964 жылдары  «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болды. Ұлты неміс болса да  қазақ әдебиетінің өркендеуіне ерекше үлес қосты. 

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

«Көптеген қазақтың  жас жазушыларын қолдады, өзінің көмегін берді, ақыл кеңесін айтты. 1831 Бір сөзбен айтқанда, ұлты неміс демесеңіз ол біздің қазақ ұлтының  нағыз ұлы. Герағамыз болатын. Сонда бір таңғалатынымыз ол кісінің мына қазаққа деген жаны ауыратындығы». 

Бельгер Бейімбет Майлин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжанов сынды  қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударды. Өзінің де жекелеген әңгіме, мақалалары енген 20-дан астам  жинағы жарыққа шықты. Ол әр мақаласында қоғамдағы өзекті мәселені көтерді. Әдебиет пен мәдениеттің дамуын ойлады. Қазақ халқынының ертеңіне алаңдады. 

Смағұл Елубай, Қазақстанның халық жазушысы:

«Біз Қазақстанда тұратын халықтың барлығы Бельгер тәрізді қазақ тілін толық меңгересе онда Қазақстанда бірлік, татутылық орнайтынын айтқымыз келеді. Сол себептен Герольд Бельгерді насихаттау, айту, оны үлгі ету ылғи да өзекті болуға тиіс». 

Жазушының «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар»,  «Бауырластықтың жанды бейнесі»,  «Гете мен Абай» атты зерттеу еңбектері де оқырманның ықыласына бөленді. Ол саналы ғұмырында:

«Қазақтың қуанышы – менің қуанышым, қазақтың тойы – менің тойым», деп туған жеріне, өскен ортасына, қабырғалы қазақ еліне адал қызмет етті.

А.Садуақас. Р.Жақыпов