Таразда елу жыл бұрын салынған көпір жөндеуді қажет етеді
Таразда қала кіреберісіндегі негізгі көпір апатты жағдайда тұр.
Салынғанына 50 жыл асқанымен күрделі жөндеу көрмеген. Тұрғындар тозған өткел бір күні құлай ма деп алаңдаулы. Ал қала билігі нысанды жөндеуге қомақты қаржы керек, - деп отыр. Мәселе қашан шешіледі?
Тараздың шығыс бөлігіндегі бұл көпір Талас өзенінің үстінде орналасқан. Өткел облыс орталығын 6 ауданмен байланыстырады. Оған қоса қала құрамындағы қос алқап та өзеннің арғы бетінде. Апатты көпір арқылы тәулігіне 20 мыңнан астам көлік қатынайды. Іргетасы отырып, бетон бөліктері үгітіле бастаған.
Ләйлә Шәкірова, қала тұрғыны:
- Апатты жағдай, енді грузовой машиналар өтіп жатыр. Опасный ғой сынуы мүмкін. Құлауды күтпеу керек. Құламастан жөндеу керек.
Әділхан Мелдебеков, қала тұрғыны:
- Қазіргі жағдайы өте ауырлау. Машина өткенде тарсылдайды. Көпірдің бәрі қимылдайды. Үлкен үлкен машиналар өтеді. Мен өзім осында тұрғалы жөндеу көрген жоқ. Жыл да сырлайды. Кәдімгі краскі жасайды. Басқа жөндеу көрген жоқ.
Тұрғындардың алаңдайтын жөні бар. Себебі ескі көпірдің бір бөлігі 2002 жылы опырылып түскен. 20 жылдан кейін сейсмолог-сарапшылар зерделеу жұмыстарын жүргізді. Судың ағысы мен мұздың қатуынан діңгектері зақымданғанын анықтаған. Бетон жабындыларында жарықшалар пайда болған. Бұл проблемадан қала әкімдігі хабардар. Бірақ көпірді қайта салуға бюджетте қаржы жоқ.
Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:
- 2022 жылы сараптама негізінде бұл көпірлерді апатты жағдайда деп сапап қазіргі таңда 2023 жылы сараптама қортындысын өткіздік жобасын әзірлеп. 6,4 миллиардты құрап отыр. Кіреберіс және шығаберіс бөлігі. Қазіргі таңда республикаға бюджеттік өтінім берілді. Қолдау тапқан жағдайда біз құрылыс жұмыстарын бастауға әзірміз.
Сейсмологтар көпірді 5 жылға дейін пайдалануға рұқсат берген. Бірақ жыл сайын қауіптің арта беретінін ескертеді. Бұған қоса Тараздың батыс бөлігіндегі көпірдің де жағдайы мәз емес. Қала билігі шаһардың кеңеюіне байланысты тағы екі аспалы көпір салуды жоспарлайды. Бұл жұмыстарға шамамен 40 млрд теңге қажет.
Мерей Бает, Елдар Байділдә