Саран қаласының жылу мәселесі бойынша жауаптылар жазаланды
Жылу беру маусымындағы олқылықтар үшін Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды 24KZ. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту берілді. Қазір Саран қаласында жағдай тұрақталған. Аулалардағы желілік қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Отын қоры жеткілікті.
Еске салсақ, Саран қаласында құрылысы 13 жылға созылған жаңа жылу орталығы биыл пайдалануға берілген еді. Ол қаладағы 168 көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Алайда жылу беру маусымын басталмай жатып, орталық қазандық істен шықты. Осыған байланысты үйлер уақытша ескі желілік қазандықтарға қайта қосылған болатын.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Саран қаласының әкімі мен Энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс түрінде жаза берілсін. Менің бірінші орынбасарыма жұмысты уақытылы бақыламағаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету міндеті біз үшін басым екенін тағы да еске салғым келеді. Сондықтан әкімдер бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс істеуі тиіс.