Атыраудағы өртке қатысты сотқа дейінгі тексеру басталды

Атырауда ойын-сауық орталығындағы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Алдын ала болжам бойынша өрт тоқ желісінің қысқа тұйықталуынан болған. Нақты себебін анықтау үшін қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тексеріс жүргізіп жатыр.

Жалпы ойын-сауық орталығында 94 кәсіпкерлік нысан бар. Жауаптылардың сөзінше, қызыл жалын орталықтың екінші қабатында орналасқан балалар дүкенін ғана шарпыған. Қалған сауда нүктелері өртенбеген. Қызыл жалынның нақты аумағы – 688 шаршы метр. Әзірге кешен жұмысы тоқтап тұр.

Айта кетейік, ойын-сауық орталығына өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жұмыстары соңғы рет 2019 жылы жүргізілген.

Бағдат Абдуллин, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- 2019 жылы соңғы тексеріс тамыз айында жүргізілген. Сонымен қатар қазір уақытта мораторий жарияланды ғой кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне. Соған сәйкес тексерістер қысқартылған. Тексеріс жүргізілмеген. Үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл «Қауіпсіз сауда» акциясы бойынша министрдің тапсырмасымен үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр бізбен.

Руслан Ізбасов, ойын-сауық орталығының заңгері:

- Орталықты қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталғанша кәсіпкерлер орынақы төлеуден босатылады. Өрттің нақты себебі анықталғаннан кейін қосымша көмек жайын ойластырамыз. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Біз кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі туралы үнемі ескерту жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Кәсіпкерлер мен сауда орталығы сақтандырылған. Дегенмен өтемақы төлеу мәселесі құзырлы органдарды шешіміне байланысты.