Павлодар облысында мемлекеттік қызметшілер жетіспейді

Маман тапшылығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, құрылыс пен сәулет және жер қатынастары бөлімдерінде байқалады, деп хабарлайды 24KZ. Кейбір лауазымды орындардың бір жыл және одан да көп уақыт бос тұрғаны анықталған.

Жалпы бұл сала бойынша 4083 штат бар. Бүгінгі таңда 3659 адам еңбек етіп жатыр. Оның 63%-ін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері құрайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіровтың айтуынша, мемлекеттік апараттағы штаттардың 10%-тен астамы бос. Мұндай статистика соңғы үш жылда тұрақты сақталып отыр.

Асхат Ескендіров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы Павлодар облысында – 41,8. Жұмыс өтілі бойынша, яғни орташа еңбек өтілі 12,8 жылды құрайды. Осы үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарында бос орындар саны 424 бірлікті немесе 10,4%-ті құрайды.